425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайлық түрлі этнос өкілдері бір-біріне қашықтан сый-құрмет көрсетті

  • 288
  • UPD: 09:01, 01.05.2020

Қостанай жұртшылығы айтулы мерекені онлайн түрде атап өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір ай бұрын аспаздық акция, қазақ тілін дәріптеуге бағытталған сабақтар, ассамблея әнұранын орындау сияқты челлендждер басталған. Түрлі этнос өкілдері осылайша қашықтан бір-біріне сый-құрмет көрсетіп, бейбітшілік пен ортақ құндылықтарды насихаттауға үлес қосып жүр.    

Жастар қанатының белсенділері Қазақстан халқы Асамблеясының әнұранын орындау үстінде. Үлкендерден бүлдіршіндер де вокалдық өнерлерімен ерекшеленуге тырысады. Әрқайсысының сүйікті үзіндісі бар. Қатысушылар оны бөлек орындап, ал қайырмасын бір мезетте әндетеді.

Баян Тыныштықова, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы:

– Карантин жағдайында барлығы үйлерінде оқшауланған. Сондықтан жастар түрлі идеяларын ұсынды. Оларда Ассамблея гимнін орындайық деген ой туды. Әрқайсысы үй жағдайында телефондарына ән салды. Сосын оны монтаждап, одан бүтіндей бейнеролик жасадық.

Көпшілік тойлағанда Бірлік күні есте қаларлықтай аталып өтілетін. Әсіресе, түрлі этностардың дастарханынан дәм татқанға не жетсін. Десе де, карантин кезінде дәстүрлі тағамдар сиреген жоқ. Ұлттық ас әзірлеу жолымен этномәдени бірлестіктер онлайн режимде бөлісті.

Славян ұлтының бәліші, татар халқының тәттілері. Қостанайлықтар аймақтағы осы этностардың дәстүрлі тағамдарымен үйде отырып-ақ танысып шыққан. Беларусь-балтық жағасы этномәдени бірлестігінің белсендісі Дарья Тимина қашықтықтан жұмыс істейді. Бос уақытында ерекше ұлттық тағамдар әзірлеп, оны қазақстандықтарға насихаттауды жөн санаған.

Дарья Тимина, «Асар» беларусь-балтық жағасы ЭМБ жастар қанатының көшбасшысы:

– Ассамблея жұмысы тоқтамайды. Этномәдени бірлестіктер елдегі бірліктің нығаюына үлес қосуды парыз санайды. Аспаздық акция соның бір дәлелі десе болады. Онлайн режимде олар өз үйінде ұлттық тағамдарын дайындап, әзірлеу барысын халыққа үйретіп жатыр.

Ассамблея карантин кезінде барлық бағыттағы жоспарларын үзбей орындап келеді. Солардың бірі – «Мәміле» қазақ тілі клубының жұмысы. Оның оқытушылары осы күндері этномәдени бірлестік өкілдерімен онлайн түрде сабақ өткізіп жатыр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы