421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Карантин талаптарын бұзбаған әрбір қазақстандыққа алғыс айтамын - Бас санитар дәрігер

  • 400
  • UPD: 16:38, 04.05.2020
Карантин талаптарын бұзбаған әрбір қазақстандыққа алғыс айтамын - Бас санитар дәрігер

Қазақстандағы карантиндік шаралар өзінің оң нәтижесін берді. Бұл туралы онлайн баспасөз мәслихатында Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды.

«Соңғы екі аптада еліміз бойынша жағдай тұрақталғаны көрініп тұр. Ауруға шалдығудың өсімі 7 пайыздан аспайды. Егер наурызда инфекцияны жұқтыру байланыста болған адамдар мен сырттан келгендер арасынан тіркелсе, сәуірде профилактикалық тестілеуге көштік. Сәуір айында тіркелген барлық оқиғалардың 52 пайызы немесе 1862 жағдай профилактикалық тестілеумен байланысты болды», - деді А. Есмағамбетова.

Айтуынша, профилактикалық тестілеудің мақсаты – ол жасырын ошақтарды айқындау. Егер осы тестілеу болмаса, онда індет жұқтырғандармен байланыста болғандар саны артып, коронавирусқа шалдыққандар саны өсер еді.

«Профилактикалық тестілеу нәтижесі тиісті жұмысты жүргізудің маңыздылығы мен қажетін байқатып отыр. Жалпы, карантиндік шаралар өзінің нәтижесін берді. Екі аптаның барысында тұрақты эпидемиологиялық жағдайды тіркедік. Карантин талаптарын сақтау бойынша Денсаулық сақтау министрлігі нұсқауларын орындаған әр қазақстандыққа алғыс айтқым келеді», - деді Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Хабар 24 телеарнасы