428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында қатерлі ісік балалардан көп анықталып жатыр

  • 380
  • UPD: 08:58, 11.06.2020

Қызылорда облысында онкологиялық ауруларға шалдығушылар саны артып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, қатерлі ісік балалардан көп анықталып жатыр. Қазіргі таңда 214 өрен өңірлік диспансерлік есепке алынған. Осы ретте аймақтағы қоғамдық ұйымдар мәселенің ғылыми түрде зерттеліп, аурушаңдықтың себебін анықтау қажет дейді.

15 жастағы Гүлназға апластикалық анемия диагнозы қойылған. Яғни, бас ми сүйегі ағзаға қажетті қан жасушаларын өндірмейді. 5 жылдан бері қарқынды ем қабылдап жүрген жасөспірім биыл компьютерлік бағдарламашы мамандығы бойынша өз білімімен колледжге оқуға түсті.

Гүлназ Серік, емделуші:

– Бір пайдасы тиерліктей мысалы, мектептерге, оқу орындарына, ауруханаларға жаңа технология арқылы тез түрде анализ жеткізу деген сияқты. Немесе сабаққа бара алмай қалса, сол сабақты онлайн түрде тез игеріп алу деген секілді сайттардан бастағым келеді.

Облыстық балалар ауруханасында онкогематология бөлімшесі жыл басында ғана ашылды. Ашпасқа болмады, өйткені қатерлі ісік тамырлап-таралып барады.  

Гауһар Асанова, облыстық балалар ауруханасы онкогематология бөлімшесінің меңгерушісі:

– Ең 1-орында лейкомия қанның қатерлі ісігі, ал 2-орында бас мидың қатерлі түзілістері. 10 жылда бір рет кездесетін лейкоз аурулары қазір бір жылдың ішінде алғаш анықталатын лейкоздардың 10-ы кездеседі деп айтуға болады.

Соңғы уақытта науқас балаларды қолдау шараларына еріктілер қозғалысы мен қоғамдық ұйым өкілдері белсенді қатысып келеді. Олар ұрпақ саулығы төңірегіндегі мәселеге кешенді талдау жасалғанын қалайды.

Құралай Исаева, қоғамдық қайырымдылық қор өкілі:

– Біз онкоаурулардың өршуіне байланысты әкімдікке өтініш жаздық. Бірақ зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Бұл жерде мемлекеттік қолдау қажет. Үкімет кешенді түрде айналысуы керек деп санаймыз. Терең талдау, білікті мамандар шоғыры, озық технология қажет. Сонда ғана өскелең ұрпақты қауіпті дерт құрығынан сақтап қаламыз.

Жалпы, Қазақстан бойынша жылына 600-дей бала аты жаман ауруға шалдығады екен. Адам шошырлық статистика, өсім динамикасын жүйелі шаралар қолдану арқылы тоқтатамыз дейді қоғамдық ұйым мүшелері.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы