418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жолдың да сұрауы бар...

  • 205
  • UPD: 22:59, 12.06.2020

Солтүстік Қазақстан облысында сапасыз салынған тас жол қабылданбады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заградовка ауылына төселген 6 шақырым асфальттің жағдайы сын көтермейді. Баяғыдай шұрық-тесік. Бұл тақырыпты арнамыздың аймақтағы тілшілері көтеріп, бірнеше сюжет жасаған.

Заградовка ауылының алты шақырым жолын жөндеуге бюджеттен 340 млн теңге бөлінді. Қып-қызыл қазына қаржысы. Бірақ сапасы сай болмады. Құрылысшылар ойылып қалған жолды мамырдың 31- і тапсыруы тиіс еді. Істегендері мынау...

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Құрылысшылар жолдың жиегіне 30 сантиметр асфальт, төсеп ұзартып кетті. Оның өзі қисық-қисық. Саусақтың ұшы тисе, үгітіліп жатыр.

Жолды қабылдауға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы, қоғамдық бақылау мүшелері мен сарапшы мамандар келді. Олар тағы да сынама алды. Асфальттің астындағы қиыршық тас үгітіліп қалды.

Жолдыбай Тентеков, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ директоры:

– 4 сынама алған кезде бір сынама сәйкес келді. Ал 3 сынама келмеді.

Жол қабылданбады. Бір қызығы, мердігер ұйымның есеп шотына 340 млн теңге түгел аударылған. Енді оның қалай жұмсалғаны тексерілмек. Ол үшін сот-құрылыс сараптамасы тағайындалды.

Нұрлан Жахин, СЖҚІҚА облыстық департамент басшысының бірінші орынбасары:

– Қазіргі уақытта сол пробалардың негізінде залалдың сомасын көрсетіп береді. Соның шеңберінде біз  ішкі аудит жасап, соның нәтижесінде қылмыстық іс қозғаймыз.

Құрылысшылар ойылған жолды жамап-жасқап қойған. Бірақ оның қашанға шыдайтыны күмән келтіреді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы