478,01 474,60 7,90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қарағандыда тозығы жеткен үйдің тұрғындары көмек сұрайды

  • 705
  • UPD: 20:41, 26.06.2020

Қарағанды қаласын абаттандыру бағдарламасына, биыл шеткі көшелердің ешқайсысы енбеген. Яғни жол бойынан жырақта тұрған үйлер жөнделмейді.

Қазына қаржысы тек орталықта орналасқан баспаналарға ғана берілмек. Бұған наразы болған Майқұдық ауданының тұрғындары, жергілікті биліктен жәрдем сұрап отыр. Олардың пікірін өңірдегі тілшіміз де тыңдап қайтты.

Магнитогорск көшесіндегі мына 23-үй осыдан тура 70 жыл бұрын салынған. Содан бері бір де бір рет күрделі жөнделмепті. Нәтижесінде қабырғасы сөгіліп, сылағы түсіп жатыр. 

Татьяна Котлярова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Біздің баспанамыз биыл тағы да қаланы абаттандыру бағдарламасына енбей қалды. Осыдан 10 жыл бұрын шамалы жөндеген. Ескі үй болған соң тоза береді. 

Әбден тозығы жеткен үйдің тұрғындары жергілікті биліктен көмек сұрап, хат жазған. Бірақ ешқандай ресми жауап келмепті. Ал биыл қалада жергілікті бюджет есебінен 212 үйдің шатыры жаңартылып, қабырғасы жөнделмек. 

Наталья Садырова, Қарағанды тұрғыны:

- Егер біздің үйіміз жол бойында орналаспаса, көзге бірден ілікпесе бағдарламадан қағыла беру керек пе? Біздің де жақсы баспанада тұрғымыз келеді. Үй қирап жатыр.

Өкінішке орай, қаланы абаттандыру бағдарламасына тек орталық көшелердегі үйлер ғана енген. Қалғандары ескерусіз қалып отыр. Бір қызығы, халық арасында «алтын квадрат» аталып кеткен бұл баспаналарға бюджеттен әр жыл сайын қаржы қарастырылады .

Дәулет Маханов, Қарағанды қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы:

- Біз Ленин көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінің шатырын осыдан 5 жыл бұрын ауыстырғанбыз. Бірақ сонда да жаңбырдан соң су ағатынын айтып тұрғындар шағымданды. Оны қалпына келтіру үшін биыл тағы қаржы бөлдік.  

Ал қала шетіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындарына әзірге жөндеу жұмыстарын өз есебінен жүргізуге тура келеді. Себебі барлығын қамтуға қазынада ақша жоқ дейді билік басындағылар. Яғни кеткен қаржыны бірнеше жыл ішінде қайтаруы тиіс.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы