418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда жыл соңына дейін 8 мың әлеуметтік нысан мен жер үйге көгілдір отын беріледі

  • 159
  • UPD: 21:52, 04.07.2020

Бүгін елорданының алғашқы нысандары табиғи газға қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ақжолтай хабарды астаналықтардың көптен күткені белгілі. «Сарыарқа» газ құбыры арқылы келген көгілдір отын қаланың ішкі тарату желілеріне беріліп, газбен жабдықтау басталып кетті. Сәтін салса жыл аяғына дейін бірнеше аудандағы 8 мыңға жуық үй мен жылыту станциялары ең таза және аса қолайлы отын түріне көшірілмек.

Елорданың Көктал-1 және Железнодорожный тұрғын үй алабындағы бірнеше нысан табиғи газға қосылып, алғашқы алау жағылды. Осылайша техникалық қосылу газ тарату желілерінің жеке үйлер мен ғимараттарды газға қосуға дайын екендігін көрсетті. Енді елорда тұрғындары арқаның қақаған аязында отын жарып, көмір тасымайтын болды. Электр қуатын да біршама үнемдейді. Мұндай хабарды естіген тұрғындардың көңілі шат-шадыман. Мысалы, көгілдір отын бірінші болып қосылған Көктал тұрғын үй алабындағы қарттар үйінде 2 қазандық газ пайдалануға әзір тұр. Газдың жайлылығын қариялар да сезінетін болды.

Рысты Баймағамбетова, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

– Бүгін біздің қалаға газ келгенімен ең бірінші біздің мекемемізге келіп тұр. Біздің мекемемізде бүгінде 320 қарт тұрып жатыр. Солардың атынан бүкіл жобаға, бірге жұмыс істеген адамдарға алғысымды айтамын.

Әзірше отын құны белгісіз. Бағасын табиғи монополияларды реттеу комитеті бекітеді. Салынған желілер пайдалануға ресми қабылданған сәттен бастап газ бағасын бекітуге өтініш берілмекші. Газ мамандары тұрғындарды қазірден бастап жылыту пештерін алып қамдануға шақырып отыр. 

Манас Тасыбаев, «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ бас директоры:

– Қазір жергілікті әкімшілікпен бірлесіп, газ тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тиісті шаруаларды аяқтап болған соң, тұрғын үйлерге газ беріле бастайды. Тұрғындармен жүздестік. Барлығы дән риза. Себебі көгілдір отынның келуі экологияға оң әсерін тигізеді. Тұрғындар таза ауамен тыныстап, қалдық көлемі азаяды.

Осыдан бір күн бұрын қазтрансгаздықтар «Сарыарқа» газ құбырынан келіп тұрған газды қаланың ішкі құбырларына жіберген. Газ айдайтын екі автоматты станция қала маңында орналасқан. Бүкіл газ тасымалдау және тарату желілеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мамандар бар күшін жұмылдыруда. Келіп тұрған отандық газ 2 мың шақырымдық құбыр жолымен жеткізілген. Бұл газ тарту жұмыстарының бір бөлігі ғана. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, жыл соңына дейін 8 мың әлеуметтік нысан мен жер үйге көгілдір отын беріледі. Нәтижесінде зиянды қалдық көлемі 40 мың тоннаға дейін қысқармақ. Яғни біртіндеп қаланы тұмшалап тұратын көк түтін мәселесі шешіледі. Жалпы елорда 2023 жылға дейін түгелдей газбен қамтылады деп жоспарланған. 

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы