417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-дағы Красная горка ауылының тұрғындары судан тарығып отыр

  • 167
  • UPD: 21:53, 10.07.2020

Су жүйесі бар, бірақ суы жоқ. Солтүстік Қазақстан облысындағы Красная горка ауылының тұрғындары судан тарығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

2015 жылы мұнда су сорғы станциясы салынып, тіршілік нәрі берілген. Бірақ бұл қуаныш көпке созылған жоқ. Су небәрі бір апта берілді.

Ирина Хайрулина үйдегі кранды мүлде сөндірмейді. Қысымның жоқтығынан кір жуатын машина да жайына қалған. Бұдан бөлек құстар мен бау-бақшаны суару қажет.

Ирина Хайрулина, Красная Горка ауылының тұрғыны:

– Кір машинасын өте сирек қосамыз. Судың жоқтығынан бағдарламасы бұзыла береді. Сатып алғалы жай тұр десем де болады.

Бүгінде Красная горка ауылында 100-ден астам үй бар. Ал оның жартысы ауыз суға жарымай отыр. Тұрғындар көршілерінен тасып ішеді. Оның өзінде бір фляганы толтыру үшін сағаттап күтеміз дейді. 

Федор Охотин, Красная горка ауылының тұрғыны:

– Ауылдың жартысы қиналып отыр. Су барларында қысым төмен. Бұл мәселені көтеріп жатқанымызға біршама уақыт болды. Бірақ еш нәтиже болмай тұр.

Осыдан бес жыл бұрын ауылға құбыр тартылып, жаңадан су сорғы станциясы тұрғызылды. Халық тіпті өз қаржысына үйлеріне тіршілік нәрін тартқан. Бірақ қуаныш көпке созылмады.  

Николай Паулов, Красная Горка ауылының тұрғыны:

– Бұл нысан жол картасы бойынша салынды. Оның құрылысында мен жұмыс істедім. Кейін ішіндегі қажетті қондығылардың көбін алып кетті. Салдарынан ауылда осындай жағдай орын алып отыр.

Ал аудандық әкімдік өкілдері бұл мәселеден хабардар. Алайда оның қашан шешілетіні әзір белгісіз.

Елдар Закирин, Қызылжар аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Су станциясы біздің баланста тұр. Қазір бұл мәселені шешу үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатыр. Жоба құны есептелетін болады. Содан кейін комиссия қаржыны қалай бөледі, шаруаларды бірден бастайтын  боламыз.

Ауылдықтарды мазалап отырған тағы бір сұрақ – ол жер мәселесі. Халық өздеріне тиесілі жер өзгеге заңсыз сатылып кетті деп күтіктенеді. Сондықтан құзырлы органдарға өтініш берген.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы