423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да медицина мамандары тапшы

  • 244
  • UPD: 21:41, 20.07.2020

Батыс Қазақстан облысында медицина мамандары тапшы,  хабарлайды «Хабар 24».

Аймақтағы жұқпалы аурулар ауруханасы мен қалалық және облыстық көп бейінді ауруханаға, ауыл-аудандардағы емдеу мекемелеріне 30-ға жуық дәрігер, 100-ден астам медбике мен санитар жетіспейді.

Осыны ескерген жергілікті билік облыстағы жоғары медициналық колледждің 23 түлегін оқу орнын бітірген бойда коронавируспен күреске жұмылдырды. Тағы 80 жас маман бір апталық әзірлік курсын аяқтады. Өңірге Ресейден де көмекке бір топ білікті дәрігер келді.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

Мәскеулік мамандар әуелі Нұр-Сұлтан қаласында бір аптадай еңбек етіп, елдегі жалпы ахуалмен танысқан соң аймақтарға аттаныпты. Ақжайыққа ат басын бұрған 5 дәрігердің екеуі анестезиолог-реаниматолог, екеуі инфекционист, ал біреуі эпидемиолог екен. «Айдың аяғына дейін оралдық дәрігерлерге жәрдем береміз, қажет болса, одан әрі де қалуға әзірміз», - дейді ресейліктер.

Павел Гусев, ресейлік дәрігерлер тобының жетекшісі:

- Бізде күні бүгін аурудың таралуы тежелді. Қазіргі сіздегідей жағдай Мәскеу облысында сәл ертерек, көктемнің аяғында болды. Пневмония да, коронавирус та. Біз екі аптаға деп келіп едік. Іссапарды бір айға ұзартты. Қажет болса, одан әрі де қаламыз. Қанша керек болса, сонша көмектесеміз.

Облыста бұрын да дәрігерлер тапшы болатын. Жұқпалы індет шыққалы тіпті жетіспеуге айналды. Коронавируспен күреске ғана өңірге 30-ға жуық дәрігер, 100-ге жуық медбике және сонша санитар қажет көрінеді.

Арман Байдеуов, облыстық аурухананың бас дәрігері:

- Бізге дәрігерлер жетпей жатыр ғой. Көбісі үлкен кісілер, арасында жастар бар, тәжірибесі жоқ мамандар да бар. Қазір өзіміз пандемия басталғасын оқып, қалай ем жасау керек, емдеу протоколын жаттап алып, солармен науқастарға көмек көрсетіп жатырмыз.

Індетпен күреске медициналық оқу орындарының түлектері де тартылды. Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің 23 студенті диплом алған бойда жұмысқа кірісіп кетсе, тағы 80 түлек бір апталық әзірлік курсын аяқтапты. Олардың қатарында эпидемиологтар, медбике, фельдшерлер бар.

Индира Жапашова, Орал медициналық колледжінің оқытушысы:

- Коронавирус жағдайында арнайы киімдерін қалай кию керек, қалай шешу керек, қандай ерітінділермен жұмыс жасау керектігін бір аптаның ішінде оқытып, қолдарына сертификаттарын ұстатып, түлектерімізді провизорлық стационарларға дайындаудамыз. Алғашқы түлектер 14 шілдеден бастап жұмыс істеуге кірісті. Жастар өздері пікір білдіріп, барғысы келіп жатыр.

Асқар Ғайнулиев, медициналық колледж түлегі:

- Арман қуып, осы мамандықты таңдап келгесін бұл біздің міндетіміз, біріншіден, екіншіден, бұл біздің мамандығымыз. Өз мамандығым бойынша біздер ант бердік, Гиппократ антын. Сол арқылы жұмыс жасауға, халыққа қызмет көрсету – міндеттіміз, парызымыз, борышымыз.

Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Орал өңіріне таяу күндері еліміздің медициналық академиясын биыл бітірген жас мамандар келіп жетпекші.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы