420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

80 жасқа келіп сергек жүрудің сырын білесіз бе?

  • 1091
  • UPD: 19:44, 07.08.2020

Оның ешқандай құпиясы жоқ. «Ерінбей еңбек етіп, бау-бақшаңды баптай білсең болғаны», - дейді алматылық зейнеткер.

55 жыл бойы бірге тұрып келе жатқан Хабиб ата мен Нағима апаның тіршілігіне көршілері қызыға қарайды. Ауласын жеміс-жидекке толтырып, айналасын әдемі гүлдермен көмкерген асыл жандармен арна тілшісі Жандос Айтбайұлы жақынырақ танысып қайтқан еді.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

-Сексеннің сеңгіріне шыққан Хабиб ата мен Нағима апа әлі де сергек. Таң атқаннан күн батқанға дейін қыбырлап жүретін бұл кісілердің, расында қажыр-қайратына қайран қалатындар көп. Ауласына бас сұқсаңыз ертегі әлеміне еніп кеткендей күй кешесіз. Сан түрлі гүлдер мен жеміс жидектер, әдемі ағаштар мен гүлзарлар, жап-жасыл желектер көздің жауын алады. Бұның бәрін өсіру үшін қаншама еңбек керек екені айтпасақ та түсінікті.

Хабиб Ахметов, зейнеткер:

-Жалқау болмасаң, бәрі де болады. Сорт-сорттан мынау осы гүлдердің барлығы осы апайдың жұмысы. Менікі суғару әйтеуір, мезгілінде бәрін қарап, анау газон деген бар, сол газонды қырқу керек. Бәрі оның еңбектен. Еңбек жасасаң, өзің де шаршамайсың.

Еңбегі көптің өнбегі көп демейтін ба еді? Әр өсімдікке өзінің баласындай қарайтын Нағима апа қазір сол жеміс-жидектерін жинап қысқа дайындықты бастап кетті. 40 жылдан бері базардан көкөніс сатып алып көрмеген.

Нағима Ахметова, зейнеткер:

- Жас адамдар ұйықтағанды жақсы көреді. Міне, содан бері ұйқы жоқ бізде. Қазір тіпті ұйқы жоқ. Таңғы алтыда тұрып алып, мынаның бәріне қарайсың. Бәрін мәпелейсің. Ана кісі өзінің балапанына қарағандай қарайды. Ал мен өз гүлдеріме қараймын. Ата суғарады. Мен қырқып, кепкендерін алып кетіп отырамын. Ол үйренгісі келген қыздар болса маған келсін. Мен үйретейін, берейін гүлімнен. Апарып үйлеріне егеді.

55 жыл бұрын отасқан жандар, тағдырдың талай тауқыметін бастан өткерсе де еш мойымаған. Үш ұлының екеуі көлік апатынан көз жұмған кезде де бір-біріне сүйеніш болып, қиындыққа қасқайып қарсы тұрған. Жалғыз ұлдары жоғары оқу орнын биыл аяқтап, жұмысқа орналасыпты.

Нағима Ахметова, зейнеткер:

- Ұрыс болады. Бір бес минуттан кейін жаныңа келіп, қайтадан сөйлейді. «Ей кетші бар. Жаңа ғана ұрыстың ғой. Немене қайтадан келіп тұрсың?» деймін ғой. Сол уақытта ол бір сөз айтады. Сен күлесің. Сонымен біз ұмытып кетеміз. Осылайша, міне 55 жыл болды тұрып жатқанымызға. Жасымыз келіп қалды. Бірақ енді жасымыз келді деп мен айтпаймын. Мен әлі жаспын деудемін.

Бір кездері белді қызметтерді атқарған Хабиб ата беделін әлі жоғалтпаған. Ахметовтер әулетінің ақылшысы. 80-ге келсе де көлігін өзі тізгіндеп, күнделікті істің бәрін өзі тындырады.

Хабиб Ахметов, зейнеткер:

- Анау жақта тауығым бар. Балапандарымен бір 50 шақты болды ғой. Ол да бір еңбек. 3-4 сағат кетеді күнде соларға. Қарау керек, жемісін беру керек. Бидай деген арпа деген кебектерінің барылығн сатып аламын. Екеуміздің зейнатақымыз бір 260 мың. Сонымен күн көреміз.

Әзіл-қалжыңы жарасқан қариялар енді жалғыз ұлдарын үйлендіріп, немере сүйсек деп армандайды. Еңбекпен 80-ге сергек жеткен жандар осылар.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы