427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада 25 қабатты үйдің тұрғындары қызметі сапасыз ПИК-тен құтыла алмай отыр

  • 336
  • UPD: 09:27, 17.08.2020

Жаңадан енгізілген реформаға қарамастан тұрғын үй шаруашылығын оңтайландыру оңайға түспей тұр. Елордада жаңадан салынған көп қабатты үйдің тұрғындары бірнеше ай бұрын мүліктің меншік иелері бірлестігін құрып, басқарудың жаңа үлгісіне көшкен еді. Алайда үйді осыған дейін басқарған сервистік мекеме оның заңды жұмысына кедергі келтіруде. Оң жағалауда орналасқан ескі үйдің тұрғындары да дәл осындай мәселеге тап болған. 

- Вот это все вода, она протекает в лифты

Төбеден су ағып, адамдарды әбігерге салған мына жағдай таяуда ғана Бөгенбай көшесіндегі көп қабатты үйде болған. 25 қабатты үйдің күтіміне салғырт қарайтын пәтер иелері кооперативінен тұрғындардың көңілі әбден қалған.

Серік  Қапенов, «Свечка» ТҮ кешенінің тұрғыны:

– Ешқандай жұмыс істемейді. Бір шеге де қақпайды ғой, шеге де қақпайды! Анау есіктерді көрсеңіздер, анау подъездің ішін көрсеңіздер, анау трубаларды көрсеңіздер. Подвалға түссеңіздер бәрі тесік, бәрі жырым-жырым. Ешқандай жұмыс жасамайды.   

Осылайша тұрғындар бірігіп қызметі көңіл көншітпейтін ұйымнан бас тартады. Тіпті сотқа дейін шағымданып, ендігі берекесіз кооперативтен ат-құйрығын біржола кескісі келді. Тұрғындардың мүддесін ескерген сот бұған рұқсат береді де.  Бірақ кооператив басшысының орнына қозғалар түрі жоқ.

Серік  Қапенов, «Свечка» ТҮ кешенінің тұрғыны:

– Ал бірақ жиналысқа келген кезде айтады, «мен ертең де болса кетемін» дейді. Ал енді шындап келген кезде төрт тағандап тұрып алады, мысық сияқты. Кетпейді.

– Неге?

– Енді пайда бар шығар. Төбеде қаншама антенналар бар. 100-дің үстінен антенна бар дейді. Өзім шығып көрген жоқпын бірақ. Пайда бар енді. Әйтпесе кетеді ғой. 

«Сенсата» кешенінің тұрғындары да әділдікке қол жеткізе алмай жатыр. Жаңадан бой көтерген үйге мердігердің өзі екі жылдан бері қызмет көрсетіп келген. Бірақ төлемақы тым қымбатқа түсті. 

Жанар Шалабаева, «Сенсата» тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

- Бұрынғы болған сервис қызметінен бас тартқан себебіміз, өйткені, тарифтері жоғары болды да, және оның қалай пайда болғанын ешқандай түсініктеме берген жоқ. 2018 жылдан бастап тұрып жатырмыз ғой, сол кезден бастап бізге ешқандай есеп толықтай бере алмады.

Сөйтіп, тұрғындар үйдің күтімін өз қолына алуды көздейді. Мамыр айында «Тұран 2020»  мүліктің меншік иелері бірлестігін құрады. Бұл жаңа заңға сәйкес құрылған елордадағы алғашқы бірлестік. Десе де, бұрынғы компания үйді әлі де басқарғысы келеді екен. 

Дина Әбішева, «Тұран 2020» ММБ төрайымы:

- Олар бізбен бір келісімге келуге тырысты. Біздің үйге тағы 10 жыл сервистік қызмет көрсеткісі келеді. Ал біз болсақ, заңды белден баса алмаймыз дедік. Онан да үйге сервистік қызмет көрсету үшін басқалары сияқты тендерге қатысуды ұсындық. Олар бұған келіспей, қоқан-лоқы көрсетті.

Сес көрсеткісі келсе керек, сервистік техникалық бөлмелердің барлығын кілттеп тастаған. Көліктерінің сақтығы үшін тұрғындар енді күзет жалдап, оны құлыптаулы бекеттің сыртына сәкі қойып, отырғызудан басқа амалы қалмады. Түйін мынау: көп қабатты үйдің ескісі болсын, жаңасы болсын – бұрыннан басқарып келген сервистік мекемелер майлы шелпегінен бас тартқысы жоқ. Жаңа реформа енгізілгенімен тұрғындар ескі проблемадан арыла алмай отыр. Өйткені бұрынғы басқарушыға сот жүрмейді.

Хабар 24 телеарнасы