424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында биыл 276 инфрақұрылымдық жоба іске асады

  • 147
  • UPD: 23:02, 17.08.2020

Білім, мәдениет, спорт ошақтары жаңғырып, жол, жылу, кәріз жүйелері жаңарады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Елді мекендер абаттандырылып, тұрғын үй-коммуналдық саласындағы өзекті мәселелер де шешімін таппақ. Ең бастысы – жұмыссыз жүрген 9 мың адам еңбекпен қамтылады.

Мемлекеттік қолдау аясында Қазалы ауданының Ақсуат ауылындағы балабақша мәселесі шешімін тапты. Мектепке дейінгі мекеменің жаңа ғимараты 90 орынға лайықталған. Бұған дейін елді мекенде 50 бүлдіршінге шақталып салынған бөбекжай болған. Бірақ ғимараты тозып, апатты жағдайда деп танылды.

Ғалия Наркеменова, Ақсуат ауылының тұрғыны:

– Ауылда осындай үлкен балабақша ашылғанына өте қуаныштымыз. Үлкен өзгешелік бар. Бұрын кішкентай болып балалар сыймай жататын. Даладағы ойын алаңы балаларға жақсы болды.

Биыл өңірде құрылыс қарқынды. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы облыста 276 инфрақұрылымдық жоба іске асып жатыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 36,9 млрд теңге қаржы бөлініп, әлеумет үшін өзекті нысандар қайта жөнделуде. Тек бір ғана білім беру саласында 52 нысанның кем-кетігі түгенделеді.

Ақзира Қасымова, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Бұның ішінде 12 балабақша қамтылған, 29 мектеп қамтылған, 5 колледж қамтылған, 4 мектеп-интернат қамтылған. Сонымен қатар 1 облыстық дарынды балаларға арналған орталық қамтылған.

Ал инженерлік-көліктік инфрақұрылым бағытында жөндеу жұмыстарына 14,5 млрд теңге бөлініп, 62 жоба іске асырылып жатыр. Елді мекендерді аббаттандыру ісі де жанданады. Бұл бағытта 47 жоба қолға алынған.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

– Қызылорда қаласы бойынша 97 жоба қарастырылған. Бұл жобалар бағытында 4 мың 300-ден астам жұмыс орны құрылған. 222 тұрақты жұмыс орны құрылады.

«Жол картасы» бағдарламасы арқылы қаржы алып, жұмыс істейтін мердігерлер құрылыс объектілеріне жергілікті жердің жұмыссыз азаматтарын тартуға міндеттелген. Яғни әрбір мердігер ең кемінде ең төменгі айлық мөлшерінен екі есе жоғары жалақы беруі тиіс. Бұл карантин кезінде жұмыссыз қалған азаматтардың табысын жоғалтпауына мүмкіндік беріп отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы