420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы: Әр теңге өзінің мақсатына қарай жұмсалуы керек

  • 131
  • UPD: 22:20, 19.08.2020

Мемлекет басшысы cыбайлас жемқорлықпен күрестің бес қадамын ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы жиын өткізген Президент «әділет салтанат құруы үшін түрлі саладағы жемқорлыққа жол ашатын жағдайларға сапалы талдау жасау қажет», деді. Жыл басынан бері елде 912 адам жемқорлық әрекеті үшін жауапқа тартылған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 11%-ке көп.

Мерей Мұратхақызы, тілші:

- Қазақстан – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше. Елдегі оң нәтижелерді халықаралық агенттіктер жоғары бағалайды. Бірақ... Өкінішке қарай, мемлекеттік қызмет тамырын тереңге жайған жемқорлықтан ада емес. Биылдың өзінде 912 адам жосықсыз әрекеті үшін жазаланды. Ең сорақысы, облыс әкімдері де түзу жолдан тая бастаған.

Алик Шпекпаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік төрағасы:

- Әлемді дүрліктірген пандемия біздің елдің де жауапсыздықтың, бюрократияның бетін ашты. Мемлекет індетпен күрескен сәтте қалтаның қамын ойлаған жандар табылды. Кейбір өңірлерде пандемиямен күреске бөлінген қаражатты жымқыру, өкпені жасанды желдету аппаратын қымбат бағамен сатып алу, «СҚ-Фармация» мен медициналық сақтандыру қорына және цифрландыру мәселесіне қатысты қылмыстық істер қозғалуы осының айғағы.

Мемлекет басшысы «СҚ-Фармацияның» құзіретін реттеу жайын тапсырды.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазір саланы ақпараттандыруға үлкен көңіл бөліп жатыр. Ашықтық деңгейін арттыруды көздеп отырмыз. 397-ден аса мониторингтік топтар құрылып, олар Қазақстандағы дәрі-дәрмек пен сапалы медициналық қызмет көрсету жайын бақылап отыр. Министрлік ішінде қоғамдық бақылау құрылды.

Шымкент, Жамбыл, Түркістан облыстарында белең алып тұр.

«Әр теңге өзінің мақсатына қарай жұмсалуы керек». Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты жиында осыны баса айтты. Өйткені біздің ел ғана емес, әлемде пандемия салдарымен күрес үшін бөлінген қаражатты жымқыру дерегі көбейген. Президент кеңес барысында парақорлықтың алдын алудың 5 қадамын ұсынды. Қоластындағылардың жемқорлық әрекеті үшін басшыларды қызметтен босату үрдісі жолға қойылды. Әттеген-айы, шенеуніктер ауысқанмен, түйткіл шешілмей тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Басшы өз қызметкерлерінің заң бұзушылығын жасырмауы керек. Сондықтан оны тек жазаға тартудан бөлек, ынталандыру да маңызды. Бұл алдын ала жүйелі шаралар қабылдауға айтарлықтай септігін тигізеді. Әрбір әкім және министр жұмсалған қаражатқа ғана емес, оны дұрыс жоспарлауға да жауапты болуға тиіс. Нақ осы тұста сыбайлас жемқорлыққа бару қатері көп болуы мүмкін. Сондықтан әр басшыға жеке жауапкершілік жүктеледі. Бас прокуратураға осындай бағалау жүйесін әзірлеуді тапсырамын.

Мемлекет пен халық әлеуметтік індетпен күресте күш біріктіруі керек. Жаңа реформа жасайтын уақыт келді. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен, түрлі саладағы жемқорлыққа жол ашатын жағдайларға сапалы талдау қажеттігін айтты. Әрбір әкім және министр жұмсалған қаражатқа ғана емес, оны дұрыс жоспарлауға да жауапты болады. Ал, бағалау жүйесін Бас прокуратура әзірлейді. Тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасы да жасақталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Басшы өз қызметкерлерінің заң бұзушылығын жасырмауы керек. Сондықтан оны тек жазаға тартудан бөлек, ынталандыру да маңызды. Бұл алдын ала жүйелі шаралар қабылдауға айтарлықтай септігін тигізеді. Әрбір әкім және министр жұмсалған қаражатқа ғана емес, оны дұрыс жоспарлауға да жауапты болуға тиіс. Нақ осы тұста сыбайлас жемқорлыққа бару қатері көп болуы мүмкін. Сондықтан әр басшыға жеке жауапкершілік жүктеледі.

Цифрландыру – жемқорлыққа жол бермеудің басты кілті. «Сергек» жобасы жол полициясының жемқорлық әрекетін тыйып қана қоймай, қазынаға қомақты қаржы түсірді. Демек, әкімдіктер мен барлық мемлекеттік органдар сандық жүйеге жылдам көшуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Келешекте деректер базасын интеграциялауға зор көңіл бөлу керек. Бір ведомствоның шағымына жауап беру үшін басқа мемлекеттік органнан анықтама алу үрдісі бізде тыйылмай тұр. Мұндай олқылықты цифрландыру арқылы жою керек. Бір жылда ашық бюджеттің интерактивті картасы арқылы 7 трлн теңгенің қайда жұмсалғанын аңғара алдық. Барлық мемлекеттік орган, әсіресе, әкімдіктер бұл тәжірибені кәдеге жарату керек.

Бизнес те жемқорлықтың зардабын тартып отыр. Соңғы 5 жылда кәсіпкерлікке кедергі келтірген 11 адам сотталды. Жемқорлыққа қарсы институт алғашқы жарты жылда-ақ 510 бизнес-жоспар бойынша 114 заңсыз кедергіні анықтаған. Мемлекет басшысы Бас прокуратураға кәсіпкерлер мен инвесторларды жемқорлық қысымынан барынша қорғауды тапсырды.

Президент ұсынған бесінші қадам – қоғамдық бақылауды күшейту. Ең бастысы, азаматтар арасында әділдік салтанат құруға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады. Міне, осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс. Бұл шараға Үкіметтік емес ұйымдарды тартқан жөн. Оларды нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру керек.

Иә, пәрмен бар. Үкімет бір айдың ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды жан-жақты пысықтауы қажет. Демек, нақты шаралар кешенін уақыт оздырмай дайындау маңызды.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы