429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да соя жинау науқаны басталды

  • 163
  • UPD: 23:09, 20.08.2020

Шығыс Қазақстан облысында бүгін соя жинау науқаны басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруалар әдетте қыркүйектің ортасында бабына келетін бұршақ тұқымдас дақыл биыл ерте пісті деп қуанып жатыр. Бұған біріншіден күн райының қолайлы болуы ықпал етсе, екіншіден жергілікті ғалымдардың тынымсыз еңбегі әсер еткен. Қазір өлкеде жүгері алқабы да кеңейтіліп жатыр.

Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығының ұжымы үшін бүгін ерекше күн.Өйткені жер емген шаруалар соя алқабын жинауды бастады.Әзірге бұл жұмыстар шағын тәлімбақта атқарылып, ол үшін құны 180 мың еуро тұратын арнайы мини-комбайн қолданылады.

Басты міндет – дақылды шашау шығармай жинап, селекциялық тұқым қорын алу. Ғалымдар осы үшін 5 жыл еңбек етті. Осындағы ғылыми топқа жетекшілік еткендердің бірі, Наталья Григорчук болатын. Украинадан келген шаруақор әйел осы күнге дейі сояның 4 сұрыпына қол жеткіздік дейді.Олардың барлығы енді селекциялық жетістіктер қатарына қосылады.

Наталья Григорчук, соя селекциясы зертханасының меңгерушісі:
– Біз алған сұрыптың барлығы да өте жоғары технологиялы. Бұршақтары биікке бекіген. Барлық жағынан қарасаң да сапасы жақсы.Тұқымдары ақуызға бай,39-41 процентті құрайды.

Соя алқабын баптау ауыр әрі өте шеберлікті қажет ететін жұмыс, дейді мамандар. Ғалымдардың кейбірі ондағы гүлдерді қолдан тозаңдандыру үшін сағаттап жер жастанып жатады екен.

Егілген өнім бітік шықты дегенше,төккен тер ақталды деңіз. Биыл  ерте піскен соя шаруаларға осындай қуаныш әкелді. Жылусүйгіш дақылды климаты күрделі өлкеге жерсіндірудің де әдісі табылды. Көршілес Қытай бұл өнімді қашан да аттай қалап, сатып алуға дайын. Жүгері десе де тартынбайды. Өлкеде алдағы үш жылда бұл дақылдардың әрқайсының алқабын 30 мың гектарға жеткізу жоспарланған.

Фарид Абитаев, агрохолдинг жетекшісі:
– Жүгері өсірудің біздің өлкемізде өз қиындығы бар. Өйткені оны оны жинап теру уақыты тура күнбағысты жинау кезімен тұспа-тұс келеді.

Сондықтан  жалғыз жол – күнбағысты басқа да майлы дақыл түрімен ауыстырып,оның алқабын азайту, дейді сала басшылары.

Владимир Гайламазян, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Күнбағыс  егу аумағы негізінен 18 проценттен аспауы керек. Ал бізде кейбір ауданда ол 40 проценттен артық. Сондықтан біз шаруаларға басқа пайдасы көп, тиімділгі мол дақыл түрлеріне ауысуға кеңес береміз. Олардың ішінде әрине соя мен жүгері бар.

Соядан кейінгі жерде 120-180 келі азот қалады екен. Бұл құнарлықты қалыпқа келтіруге үлкен сеп, дейді мамандар. Сондықтан ол алқапты кейін күздік бидай егуге қолданған дұрыс. Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы да осы мақсатты көздеп отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы