424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда жұмыссыздар саны 30%-ке көбейді

  • 203
  • UPD: 23:21, 21.08.2020

Жыл басынан бері Орал қаласында жұмыссыздық деңгейі 30 процентке өскен. Бұған мұнай кен орындарында еңбекшілердің жаппай жұмыстан босатылуы себеп болған.

Соңғы күндері қалалық жұмыспен қамту орталығында ұзын-сонар кезек пайда болды. Келушілердің бірі жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыға өтішін жазса, енді бірі қолайлы қызмет іздеп келген.

Жұмыспен қамту орталығына тіркелуге келгендердің қарасы қалың. Екі қолға бір күрек таппай сенделгендер таңғы сағат 7-ден бастап кезекке тұрады. Санитарлық дәрігерлермен бекітілген талаптарға сай ғимаратқа 15-20 адамнан артық кіруге  рұқсат жоқ. Электрондық кезек арқылы тұрғындар  жәрдемақы рәсімдеп, бағдарлама  бойынша  кәсіби оқу курсына жазылуға өтініш береді.

- Бір жеңіл желпі мына охранникке, бірдеңеге жұмыс іздеп жүргенбіз. Бүгін тіркелейін деп келіп тұрмын, бұйыртса.

- Сол карантинға ұшырадым, Қостанай қаласынан келіп тұрмын. Енді жұмысқа барсам, айтады 57-десіз, жұмысқа алмаймыз дейді. Предпенсионный возраст, біз сізді жұмысқа алуға тиісті емеспіз дейді, сонда біз қайда барамыз?

- Безработный етіп тіркеді, соның кесірінен не 42500, не пособие, ештеңе  ала алмаймын. Енді содан шығайын деп кеше заявление жаздым, әлі безработный деген статус көрсетіп тұр, енді очередь күт дейді.

Өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда жұмыссыздар қатары екі есе өскен. Қазір 3 мыңнан астам қала тұрғыны тіркеуде  тұр.

Бірақ жұмыспен қамту орталығыдағылардың айтуынша, жұмыс табылады. Тек адамдар ауыр жұмыстан қашады. Әсіресе жол жөндеу, қала тазалығы,  құрылыспен айналысуға құлықсыз. 

Ерлан Ғалиев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі:

- Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 72 жоба жүзеге асырылып жатыр, барлығы олардың саны 77. Біздерде 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген, оларда қазір мың жарым адам жұмыс жасап жатыр.Біздер осы азаматтардың барлығын да осы жобаларға келіп жұмыс жасауларына шақырамыз.

Гүлайым Кунтуарованың негізгі мамандығы филолог. Ұзақ жылдар бала тәрбиесімен отырған ол кәсіби біліктілігін жоғалтып алыпты. Осы жылдың көктемінде жұмыспен қамту орталығына барып кезекке тұрған. Кейін оқу орталығына менеджер болып жұмыс істеуге ұсыныс түскен.

Гүлайым Күнтуарова, оқу орталығының менеджері

- Мен  клиенттермен жұмыс істейтін менеджер болып бастадым.  Кейін жұмыспен қамту орталығына барып, келісім-шартқа отырдым. Бұл мен үшін карантин кезіндегі  жағымды жаңалық болды. Жұмыс барысында көп нәрсені үйрендім. Бұрын білмеген нәрселерімді танып білдім.

Ал 35 жыл еңбек өтілі бар Саламат  Шәріповты мектепте  жөндеу  жүргізіп жатқан жұмысшылардың бригадирі болуға шақырыпты. Ниет болса жұмыс табылады дейді ол. Өзі 70 жасқа келгенше еңбек етуге бел буған. Жалпы облыс орталығында жылдың соңына дейін 4 мыңдай адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Қарапайым жұмысшыдан бөлек есепші, көлік жүргізуші, заңгерлер мен мұғалімдерге де сұраныс бар.

Авторлары: Ботагөз Базарбаева, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы