420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысындағы Шуйское ауылында жұмысшыларға тегін баспана беріледі

  • 148
  • UPD: 16:25, 24.08.2020
Ақмола облысындағы Шуйское ауылында жұмысшыларға тегін баспана беріледі

Ақмола облысындағы Шуйское ауылында жергілікті кәсіпкер жұмысшыларына арнап 10 шақты үй салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егін және мал шаруашылығымен айналысатын серіктестік еңбеккерлерінің елді мекенде тұрақтап қалуына, осылайша, жағдай жасамақ. Жалпы соңғы жылдары аймақта қарамағындағыларға баспана ұсынатын жұмыс берушілер көбейіп келеді.

Әрқайсысының құрылысына 20 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалатын бұл үйлер толық біткен соң жұмысшыларға беріледі. Алғашында оларға қызметтік баспана ретінде ұсынылғанымен, шаруашылықта ұзақ уақыт тұрақты еңбек еткендер үшін жекеменшікке айналуы мүмкін. «Ал, үй қаладағыдан кем болмайды», - дейді серіктестік өкілі.

Мұрат Сәдуақасов, серіктестік өкілі:

- Баспаналарды барынша жайлы қылуға тырысып жатырмыз. Бұл үйлер орталық жылу және су жүйесіне қосылады. Басқа да барлық жағдайларды жасаймыз. Тек жұмысшылар табанды жұмыс істеп, табысты нәтиже көрсетсе болды.

Өздерінің жұмысшыларынан бөлек, серіктестік ауылға сырттан келетін жас мамандарға да былтыр үй тарту етіпті. Жалпы серіктестік жыл сайын аталған ауылдың әлеуметтік саласына кемінде 10 млн теңге қаржы құяды екен. Атап айтсақ, мектеп мен балабақшаға қарайласып тұрады. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларды қамқорлықтарына алған. Одан қалды жол жөндейді. Ал, ең бастысы, жергілікті 100 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Иван Клещук, Шуйское ауылының тұрғыны:

- Мен осы шаруашылықта механизатор болып жұмыс істеймін. Басшылық біз үшін үй бар, жағдайды жасап жатыр. Күзде жем-шөппен көмектеседі. Ал, қыста отын-көмірімізді алып береді. Жалақымыз да тұрақты. Тіпті басқа ауылдардан келіп жұмыс істеп жүргендер де бар.

Жалпы Ақмола облысында соңғы жылдары жұмысшыларын баспанамен және басқа да әлеуметтік қажеттіліктермен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді. Мәселен, былтыр ресми дерек бойынша осындай 60 шақты үй берілген. Бұл жария етіліп, есепке алынғандары ғана. Ал, ешкімге айтпай-ақ қайырымдылық жасап жүрген атымтай жомарттар қаншама?!

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы