426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында көпқабатты 4 үйдің құрылысы жүруде

  • 259
  • UPD: 22:32, 01.09.2020

Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданында тұрғын үй бағдарламасы қарқынды жүріп келеді.

Былтыр 180 адам баспаналы болса, қыркүйек айында тағы 60 пәтерлік үй пайдалануға беріледі. Алдағы 3 жылда 600 отбасы баспаналы болады. «Аудан тұрғындары үшін өзекті проблемаға айналған ауызсу мәселесі жыл аяғына дейін шешімін табады», - дейді жергілікті билік басындағылар. Алыс ауданнан оралаған тілшіміз жалғастырады.

3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Карантин кезінде тоқырап қалған құрылыс қазір жанданып, мердігер мекеме міндеттерін мерзімінде аяқтау үшін барлық күшті жұмылдырып бағуда. Мұнда екі ауысымда 50 адам еңбек етеді. Бұл пәтерлер ұзақ мерзімге жалға беріледі. Ауданда 2-3 бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары. Бірақ оның да берілу тәртібі бар.

Наурызбай Бисенғалиев, Құрманғазы ауданы әкімінің кеңесшісі:

- Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, бюджет қызметкерлері, жетім балалар секілді әр санат бойынша кезегі келіп тұрғандар баспанаға қол жеткізіп жатыр. Олар жеңілдетілген бағада жалға беріледі. 2 бөлмелі үй шамамен 15 мың теңге, 3 бөлмелісі айына шамамен 20-23 мың теңгеден 50 жылға беріледі.

Құрманғазы ауданында пәтер кезегінде 900 ден астам отбасы тұр екен. Оның 600-і енді екі-үш жылда баспаналы болады. Бұл – жаңа отау құрған жастарды ауылға тұрақтандыру үшін істеліп жатқан шара. Алыс ауылдардағы тағы түйінді мәселе ауызсу болатын. Сегіз көлдің ортасында орналасқанымен, Құрманғазы ауданындағы елді мекендер ауызсуды сағаттап қана алып келді. Енді аудан арқылы тартылып жатқан Қиғаш-Маңғышлақ су торабына қосылудың сәті түскен. Бүгінде 14 шақырымдық су құбыры ауыл іргесіне жеткізілді. Диаметрі 400 мм-лік құбырдың қуаты малға да, жанға толық жетеді.

Ринат Нұрғалиев, Құрманғазы аудандық Құрылыс  бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі уақытта Құрманғазы, Орлы, Нұржау, Дәшін, Қадір және Жұмекен елді мекендеріне аталған су торабынан су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. 9 км су құбыры тартылды. Енді 5 шақырымы қалып тұр. Бұйыртса, бұл жұмыстар жылдың аяғына дейін тапсырылатын болады.

Жалпы аудан бойынша 6 әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр. Оның ішінде ауылішілік жол құрылысы, балабақша, аурухана да бар. Бұл жобаларда 250-дей адам жұмыспен қамтылған.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы