426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бұрынғы жолымызға зар болып қалдық – шығысқазақстандықтардың өкпесі

  • 131
  • UPD: 23:34, 10.09.2020

Омбы-Майқапшағай халықаралық тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары сылбыр жүріп жатыр, тіпті кейбір бөліктерінде мүлдем жұмыс тоқтап қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы біздің арнаның тілшілеріне Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының тұрғындары шағымданды. Маңызды күре жолдың Қалбатау-Зайсан аралығындағы 415 шақырымын жөндеу 3 жыл бұрын басталған еді. Тұрғындар биыл жол ашылатынына күмәнмен қарайды.

Омбы-Майқапшағай тас жолының маңызы ерекше. Ресей мен Қытай арасындағы жүйткіген жүк көліктерін қоспағанның өзінде бұл бағытпен Шығыс Қазақстанның Жарма, Көкпекті, Тарбағатай, Зайсан ауданының тұрғындары жиі жүреді. Кем дегенде 100 мыңнан астам халық қатынайды. 2017 жылдан бері мұнда«Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бойынша ірі жоба жүзеге асып жатыр. Жоспар бойынша Қалбатау мен Зайсан арасындағы 415 шақырым толық қайта жаңғыртылуы тиіс.

Қайдар Асқарұлы, Көкпекті ауданының тұрғыны:

- Халық қиналып бітті, шыдам әбден таусылды, міне жаз бойы түк те істелген жоқ. Олар қалай бітіреді, бізге осы жағдай түсініксіз. Бұрынғы бар жолымызға зар болып қалдық, бұрын нашар болса да бұрын жол болған. Жүре алатынбыз көктемде де, қыста да. Қазір мүлдем жүре алмай қалдық. Үлкен көліктер де, кішісі де жүре алмайды. Жол бойы сынған көлік, қиналған халық. Семей қаласына бұрын 2-3 сағатта барушы едік, қазір 6-7 сағатта әрең жетеміз. Соны ешкім керек қылмайды. Біреу қарау керек қой, тексеру керек қой, миллиардтаған ақша бөлініп жатыр ғой, неге істелмей жатыр?

Көкпектіліктердің өкпесі орынды. Қазір мұнда уақытша салынған айналма жолдардың өзі ойқыш-ұйқыш шоқалақ, шаңы аспанға шығып жатыр. Ал жаңбыр жауса, көліктер ми батпаққа батып қиналады екен. Бұдан да қорқыныштысы, алда қыс келеді. Сонда қауіпті асуларда жол салынып бітпесе, қарым-қатынас тоқтап қалуы мүмкін.

Талғат Ғалиев, Көкпекті ауданының тұрғыны:

– Бітетін түрі жоқ сияқты, неге жауып тастағанын, неге тоқтатқанын кім білсін. Оны білмейміз, қарға дейін бітпесе бітті деңіз, көлік жүре алмайды. Байбура ойыншық емес. Қаламыз сосын, не тамақ жоқ, не көмір жоқ. Халыққа өте қиын болады. Көпірдің бәрін қазып тастаған, ол биік жол. Оның өзінде қыста жолды алып қояды. Ал осы түрімен қалса, айналма жолмен кетсе, онда бітті деген сөз ғой.

«Қазавтожол» Ұлттық Компаниясының мәліметінше, қазір 415 шақырымдық жобаны қазақстандық «Қазгерстрой» және қытайлық «Синь-синь» компаниялары атқарып жатыр екен. Ал қатты қабат төселген 58 шақырымда көлік қозғалысы ашылыпты. Ағымдағы жылы қалған 357 шақырымға асфальт төсеу жоспарланған.

Нұржігіт Бейсенов, эксковаторшы:

– Мына жағымызда Қытай, мына жағымызда Ресей, сол екі ортада көліктер қиналмау үшін, тез бару үшін жол жасап жатырмыз. Мақсатымыз – халыққа осы жолды ертерек ашып берсек дейміз.

Ұлан Әліпов, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы:

– Биылғы жылы 415 шақырымды барынша асфальт бетон жамылғысымен төсейміз. Байбура сияқты асуларда жүріс болмай қала ма деген күдіктер болып жатыр жергілікті халықта. Сондықтан біз ол жердің бәрінде жүріс береміз, қыста ыңғайлы қылып жасап береміз. Сондықтан еш уайымдамасын. Жұмыс кішкене кешеуілдеген уақыттар болды кешегі эпидемия кезінде, жасырмаймыз. Жобаның құны 157 миллиард, биылға қарағалғаны 40 миллиард теңге, соны игереміз. Кешегі Асқар Ұзақбайұлы барған кезде, премьер тапсырма беріп кетті, сол жерде жүріс беру туралы. Сондықтан біз сол тапсырманы орындаймыз.

Ұлттық компания басшыларының айтуынша, қазір карантинге байланысты қиындықтардың бәрі артта қалған. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Ірі жобаға барлығы 1615 адам, 700-ге жуық техника жұмылдырылған.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы