428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да құстарды вакцинациялау жұмыстары басталды

  • 144
  • UPD: 23:09, 24.09.2020

Құс тұмауы өршіп тұрған Солтүстік Қазақстан облысында қанаттыларды вакцинациялау жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күнге дейін ветеринарлар 75 мыңнан астам құсқа екпе қойып үлгерген. Қауіпті індет табылған 18 елді мекен қазір карантинге жабық тұр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Тобылжан Уәлиев екінші жыл қатарынан құс өсірумен айналысады. Биыл көктемде үш жарым мыңнан астам қаздың балапанын Ресейден сатып әкелген. Көрші Бескөл ауылында құс тұмауының ошағы табылған соң азамат қанаттыларына бірден вакцинация жасатып жатыр.

Тобылжан Уәлиев, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

- Енді барлық жерде құс тұмауы болып жатыр ғой. Сосын ветеринарлық қызметке жүгіндік. Олар келіп, вакцина салды. Оңды. Ауырған жоқ. Ауырмай істетіп алдым. Сол енді өлмеуі үшін істетесің ғой.

Өңірде қазір ветеринар дәрігерлердің жұмысы қызды. Олар таңнан кешке дейін шақыртуларда. Қауіпті кеселден үрейленген жергілікті халық қазір жаппай үй құстарына індетке қарсы екпе қойдыртып жатыр.

Айтолла Шахметов, Қызылжар ауылдық округінің ветеринар дәрігері:

- Тұрғындар бізге келіп арыз жазулары қажет. Кейін біз сол өтініштер бойынша шақыртуларға барамыз. Қазір күніне 8-9 шақырту түседі. Олар жүздеп, мыңдап құс өсіріп жатқан азаматтар. Бір құтыда шамамен 200 доза болады. Бірақ екпе қаз үйрекпен тауыққа әртүрлі мөлшерде беріледі.

Өңірге республикалық қордан 873 мың доза вакцина жеткізілді. Бүгінгі күнге дейін ол 75 200 бас құсқа егілді.

Қайырлы Қазанов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Облыста 1 қыркүйектегі санақ бойынша 5 миллион 200 мың бас қанатты бар. Қазір буферлік аумақта орналасқан ауылдардағы үй құстарына вакцина қойылып жатыр. Айта кету қажет, вакцина отандық. Яғни екпе қойылған құстар 6 ай бойына бұл ауруға шалдықпайды. Кейін жарты жылдан кейін бұл жұмыстарды қайта жүргізу керек. Ол үшін министрлікке өтініш жасайтын боламыз.

Мамандардың айтуы бойынша өңірде бүгінгі күнге дейін 108 мың қанатты қырылған. Оның 14 мыңы үй құсы болса, қалғаны фабрикада. Дегенмен, соңғы екі күнде аймақта құс тұмауының ошағы анықталған жаңа елді мекендер тіркелмеді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы