428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде жаңа ауданның тұрғындары жылусыз отыр

  • 191
  • UPD: 16:22, 30.09.2020

Семейде де жылыту маусымы жылдағыдан ерте басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жылуға қосылады деп хабарлады қалалық әкімдік. Бірақ кейбір шағын аудан әлі күнге жылусыз отыр.

Цементный ауылының тұрғындары жылытқышты күні-түні қосып, суық баспаналарында бүрсең қағып отыр. Жаңадан салынған «Қарағайлы» мөлтек ауданындағы жағдай да осындай. Жұрт жылудың барлық үйге берілмегеніне наразы. Мұндағы тұрғындардың дені – көп балалы жанұялар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар.    

Гүлфия Ельчанинова, қала тұрғыны:

– Жылу алдын ала барлық үйлерге 26 қыркүйекте беріледі деп хабарланған. Бірақ біз әлі күнге жылусыз, тоңып отырмыз.

Сүйінбаевтер отбасы бұл пәтерге жақында қоныстанды. Бірақ көптен армандап бұйырған жаңа баспананың да проблемасы жетерлік.

Рымжан Сүйінбаева, қала тұрғыны:

– Киініп аламыз. Жылытқыш қсып едім, қайтадан алып тастадым. Оның ақшасы көбейіп кетеді.

Бұл мәселеден қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы хабардар. Бірақ бар кінә пәтер иелері кооперативінде дейді. Олар жылуды ерте қабылдауға дайын болмаған. Үйлердің 15 процентінің жылумен қамту жүйелерінде ақаулар анықталған.

Елена Проскурякова, коммуналдық сектордың бас маманы:

– Дайын болмаған үйлер әзірше жылуға қосылмайды. Қазір олардың тікқұбырлары, жылу есептегіштері ауыстырылып жатыр. Тұрғындар кооперативтерге хабарлассын. Ал әлеуметтік нысандардың барлығы жылуға қосылған.

Ал жаңа шағын аудандағы екі үйдің жылусыз қалғанына жақын маңайдағы құрылыс жұмыстары себеп дейді пәтер иелері кооперативі. Олар 5 қазанға дейін қосылуы тиіс. Қалған үйлер де назардан тыс қалмайды.

Менжиан Аглиулина, Қарағайлы шағын ауданының ПИК қызметкері:

– Әрине, жылумен қамту жүйелері жарты жылдай істеген жоқ. Сол себепті бастапқыда берілетін су, тікқұбырлар суық болады. Алаңдауға негіз жоқ. Сантехник мамандар белгіленген жұмыс ауқымын атқарып үлгермей жатыр. Шағын аудандағы 14 үйге қызмет көрсетеміз.

Енді тұрғындарға күтуден басқа амал жоқ. Жалпы биыл жылу әдеттегі мерзімінен екі аптаға ерте берілді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы