432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жыл басынан бері киберқылмысқа қатысты 8000-нан астам іс қозғалған

  • 138
  • UPD: 09:02, 14.10.2020

Пандемия кезінде интернеттегі алаяқтық қылмыс көбейген.

Өзгенің атына несие рәсімдеу, банк карточкасындағы ақшаны жымқыру фактілері күнде тіркеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Мұндай қылмысты ашу қиын, сондықтан сақтық шарасын күшейту керек», - дейді полиция.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Максимнің жұбайы хабарландыру сайтына балалар арбасын сату туралы жарнама орналастырады. Бірнеше сағаттан кейін бір әйелден хабарлама келеді. Ол арбаны сатып алғысы келетінін айтып, келесі күні ақшаның бір бөлігін аударады. Қалған ақша кештеу түседі. Алайда алаяқ әйел саудадан айнып қалғанын айтып, қаржыны кері қайтаруды сұрайды. Максим бұл жерде бір шикіліктің барын біліп, бірден банкке хабарласады.

Максим Ванюков, қала тұрғыны:

- 4 сағаттан соң банктен хабар келді. Олар ақшаның шағын несие беретін қаржы компаниясынан түскенін айтты. Карточкаға 100 мың теңге түскен еді. Осы аралықта алаяқ әйел қайта-қайта хабарласап, ақшаны қайтаруымызды талап етті. Мен полицияға шағымдандым. Әйелді сол күні кеште ұстады. Хаттама толтырды. Тергеу кезінде ақшаны жұмсамау туралы қолхат толтырдым. Тергеу екі айдан бері жүріп жатыр. Ал, мен қаржы компаниясына қарыз боп қалдым.

Максимнің айтуынша, істің аяқталар түрі жоқ. Мойнындағы қарыз болса, өсіп жатыр. Ольга Смирнова да алаяққа алданған. Ол да хабарландырулар сайтында зат сатпақ болады. Сатып аламын деген әйелге есепшотының номерін айтады. Сөйтсе, ол әйел қаржы ұйымынан несие рәсімдепті.

Ольга Смирнова, қала тұрғыны:

- Келесі күні карточкама 100 мың теңге түсті. Ана әйел хабарласып, күйеуінің байқаусызда көп ақша аударып жібергенін айтып, қайтаруымды сұрады. Ол өз карточкасының нөмерін жазды. Мен сол бойда аудардым. Бір жарым айдан соң, коллекторлық агенттіктен хабарласып, қарызым барын айтты. Олар алаяққа алданған күні маған ақша аударған болып шықты. Мен бірден полицияға арыз жаздым.

Ольга қазір қаржы ұйымына 140 мың теңге берешек. Алаяқтарға алданғандар қаржы ұйымдары мен банктердің толық ақпарат талап етпей несиені бере салатынына таң. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі онлайн несие беретін ұйымдарды бақылап отыруы тиіс. Ондай компаниялар агенттіктен лицензия алуға міндетті. Дегенмен, агенттік мамандары бұл салада алаяқтықтық әрекеттің көбейгенін растап отыр.

Рустам Габдулкафеев, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басқарма басшысы:

- Біз қазір онлайн несие берумен айналысатын ұйымдарға нақты талап қойдық. Және қатаң бақылау жасаймыз. Яғни, болашақта осындай жағдайлар болмауы үшін клиенттерге қажетті деңгейде идентификация жасалуы тиіс. Алдағы уақытта мұндай фактілер азаяды деп ойлаймыз. Ал, алаяқтарға алданған жандар тек полицияға емес, біздің агенттікке де арыз жазуына болады. Біз қаржы ұйымын тексереміз.

Жауапты органдар «тексереміз», «бақылаймыз» деп көңіл жұбатады. Ең бастысы, әр адам өзі сақтансын деген кеңес береді. Жақында алаяқтар 50 елордалықтың банк карточкасынан 2,5 млн теңге жымқырған. Зардап шеккендердің көбі зейнеткер. Сол баяғы әдіспен алдайды. «Желідегі хабарландыру арқылы сауда жасаймыз» деп, карточканың құпия кодын біліп алады.

Саят Дүйсенбаев, қалалық ПД КПБ киберқылмыспен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі:

- Қазіргі таңда қалалық ПД КПБ қызметкерлері мен тергеу басқармасының қызметшілерімен 5 қылмыс ашылды. Оның ішінде 3 адам ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы бірнеше жылда ғаламтордағы қылмыс еселеп өскен. 2018 жылы 4 мың факті тіркелсе, биыл 8 мыңнан асып кеткен. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай қылмысты ашу қиын. Себебі, алаяқтар әлемнің кез келген түкпірінде отыруы мүмкін. Интернет алаяқтықтың белең алуының бір себебі, елде азаматтар туралы жеке ақпараттар жеткілікті деңгейде қорғалмайды. Яғни, қауіпсіздік жағы тым әлсіз.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина , Аят Дүйсембаев

 

Хабар 24 телеарнасы