425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда оңтүстік-шығысында геопарк ашылады

  • 206
  • UPD: 19:08, 24.10.2020

Елдің оңтүстік-шығысында алғашқы геопарк ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында құрылады.

Геологиялық парк жобасы алдағы бес жылдың ішінде жүзеге асатын Экологиялық туризмді дамыту тұжырымдамасының аясында қолға алынған.

«Алтын-Емел» ұлттық паркі туризмнің бірнеше бағытын қатар дамытуға болатын Қазақстандағы ерекше орын. Бұл жерде жабайы аңдар мен көне қорғандар, мыңжылдық тарихы бар табиғи ескерткіштер көп. Ұлттық парктің аумағы 300 мың гектардан асады. «Соның тек 12 мың гектарында туризмді көркейтуге болады», - дейді парк басшылығы. «Алтын-Емел» Алматыдан алыс емес. Сондықтан мұнда келушілер көп. Саяхатшылардың саны, әсіресе, пандемиядан кейін күрт артқан.

Халық Байеділов, «Алтын-Емел» МҰТП бас директоры:

- 2010 жылы бізге мың адам келіп жатқанда біз қуанатынбыз «бізге мың адам келді» деп. Ал қазір 35 мыңға дейін адам бізге келеді. Қоғамдық кеңес құрдық қазір. Қоғамдық кеңес, қоғам арқылы, көпшілік арқылы бұл мәселелерді шешуіміз керек.

Ұлттық паркті дамыту тұжырымдамасы қоршаған ортаға зиян тигізбей, туристерге қолайлы жағдай жасауды көздейді. Бұл жерде визит-орталықтар, глэмпинг, этноауыл және тамақ сататын орын ашу жоспарлануда. Бірақ үлкен ғимараттар салынбайды. Қазіргі уақытта паркте 3 туристік бағыт бар. Жабайы аңдарды көру үшін арнайы мұнаралар жасау қарастырылуда.

Халық Байеділов, «Алтын-Емел» МҰТП бас директоры:

- Басқа ұлттық парктерге қарағанда біздің ерекшелігіміз бар. Бізде мына аң-құсымыз бар. 5200-ден астам қарақұйрық бар, 4 мыңнан астам құлан бар. Бұл өзі Қызыл кітапқа енген аңдар ғой. 3 мыңға тарта теке бар. Енді «Алтын-Емел» ұлттық паркін автокөлікпен аралай жүрсеңіз, ірі омыртқалы аңның 4-5 түрін былай-ақ көруге болады.

«Айқай құм» мен «Бесшатыр» сақ қорғандары да туристер үшін қызықты. Парктегі құлан саны жыл санап көбейіп келеді. «Енді соларды еліміздің өзге өңірлерінде өсірсек», - дейді мамандар. 

Халық Байеділов, «Алтын-Емел» МҰТП бас директоры:

- Қазақстанда жаңағы Құлантөбе, Құланбасы, Құлансимас, Құлантұяқ, Құланжелке деген, Құланішкен, Құланөтпес деген атаулардың барлығы бекер емес. Осы құландарды мен ойлаймын келешекте бүкіл Қазақстанның түпкір-түпкіріне таратып, осы құландар көбейеді. Оған атсалысуымыз керек.

Ал, геологиялық парк Ақтау тауларынан ашылады. Оның тұжырымдамасын жасауға шетелдік геолог ғалымдар да жұмылдырылған. Геопарк ерекше қорғауға алынады. Онда Жер шарының геологиялық тарихы көрсетіледі. «Алтын-Емелде» бағзы заманда өмір сүрген жануарлардың сүйек қалдықтары өте көп. Атты және жаяу жолдар болады. Туристер ғалымдардың жұмысын көре алады. Қазақстанда алғашқы геопарк 2025 жылға қарай ашылады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы