425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ертіс өңірінде әлі күнге дейін «қызыл» паспортпен жүргендер баршылық

  • 156
  • UPD: 23:16, 27.10.2020

Ертіс өңірінде «қызыл» құжатпен қоштаса алмай жүргендер баршылық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көші-қон қызметінде ескі үлгідегі төлқұжатпен жүргендер тіркеліп жатыр. Олардың басым бөлігі әлеуметтік жәрдемақыдан қағылып, қандай да бір мемлекеттік қызметті ала алмай жүр. Қазақстанда ескі құжатпен өмір сүргендермен тілшіміз Ақмарал Есімханова тілдесті.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Павлодарлық Сергей Руморел өмір бойы пәтер жөндеумен айналысып келеді. 1974 жылғы үлгідегі төлқұжатпен жүргеніне биыл 23 жыл. Олқылықтың орнын толтыру үшін көші-қон қызметіне келді. Енді азаматтығын дәлелдейтін құжаттарын жасатпақ.

Сергей Руморел, қала тұрғыны:

- Құрылыс саласында жұмыс істеп жүрдім. Мемлекеттік мекемелердің көмегіне жүгінбеппін. Осылай уақыт өте берді. Бұған дейін жеке куәлік алу туралы ойламаппын. Енді құжаттарымды реттегім келді. Мамандар «бір ай ішінде жеке куәлік рәсімдеп береміз» деді. Асыға күтемін.

Ал Лидия Коносова үшін бүгін қуанышты күн. Азаматша алғашқы жеке куәлігін ел қатарлы 16 жасында емес, 60 жасында бірақ алды. Қазақ жерінде туған азаматша енді зейнеткерлікке шығуды мақсат етуде.

Лидия Коносова, қала тұрғыны:

- Осы күнге дейін ешқандай жәрдемақы алып көрмеппін. Емханаға скринингтен өтуге барғанда жеке куәлік сұрады. Тұрғылықты мекенжайым бойынша анықтама қажет болды. Оған қоса, зейнеткерлікке шығумы керек. Мамандардың көмегіне жүгіндім. Құжаттарым реттелді, енді алаңсыз өмір сүремін.

Көші-қон қызметіне келетіндердің қатарында қолында «қызыл» төлқұжаты бар адамдар көп. Мәселен, бір күннің ішінде 10 шақты тұрғын Қазақстан азаматтығын растауға ниет білдірген. Оларды құжаттандыруға 6 айға дейін уақыт кетеді. Осы күнге дейін 236 адам төлқұжатқа ие болды.

Мадина Молдакелдинова, Көші-қон қызметінің инспекторы:

- Олардың ЖСН нөмірі жоқ. Сәйкесінше, 1991 жылдан бері Қазақстан аумағында болғаны жөніндегі анықтама бере алмайды. Сондықтан оның жеке басын тану хаттамасын жасаймыз. Жеке куәлігін алған соң осында келеді. Егер «қызыл» паспорт өзге елдің аумағында алынса, жұмыс күрделенеді. Себебі, өзге елдерге өтініш жолдаймыз. Оны 6 айға дейін күтіп қаламыз.

Бұл құжаттандырудағы қиындықтардың бір парасы ғана. Төлқұжат өзге елде берілсе, растайтын жазбаны іздеу керек. Мамандардың айтуынша, бұл бағытта Ресеймен тәуір байланыс орнаған. Ал Украина, Өзбекстан, Қырғызстандағы көші-қон қызметтері акт жазбасы бойынша ақпаратты мүлде бермейді.

Кристина Анциферова, облыстық ПД Көші-қон қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Кеңестік құжатпен әлі күнге дейін жүргендер түрлі себептер айтады. Ақшаның жоқтығы, ата-аналарының құжатсыз жүруі жиі кездесетін әңгіме. Бізге келетіндердің көбі зейнеткерлер. Оларды полиция қызметкерлері анықтап, көші-қон қызметіне бағыттайды. Біз жедел әрекет етуге тырысамыз.

Өкінішке орай ескі төлқұжатпен жүргендердің нақты саны белгісіз. Көші-қон қызметі әкімдіктер мен полиция қызметінің ақпаратына ғана сүйенуге мәжбүр. Десе де, осы санаттағы адамдарды құжаттандыру алдағы төрт жыл ішінде аяқталуы тиіс. Мамандар осындай мақсат қоюда.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы