423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда COVID-19 бен пневмониядан емделіп шыққандарға арналған оңалту орталығы ашылды

  • 156
  • UPD: 09:36, 30.10.2020

Одан бөлек, қалалық орталық аурухана базасында еліміз бойынша теңдесі жоқ оттегі бекеті салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қуаттылығы 100 текше метр болатын станция 1 мезетте 500 науқасты қажетті оттегімен қамтамасыз етеді.

Атлас апаның жаңа ашылған оңалту орталығында ем алып жатқанына 10 күн болыпты. Сәуір айында қауіпті індетке шалдығып, емделіп шыққан. Қазір мұнда зақымданған ағасын қалпына келтіру үшін ингаляция, парафинотерапия, емдік массаж сияқты ем шараларын қабылдап жатыр. Одан бөлек, өкпеге пайдалы жаттығулар жасауда.

Атлас Құдайбергенова, қала тұрғыны:

- Коронавируспен ауырдым, содан кейін дәрігерім осында жіберді. Өте жақсы ұйымдастырылған. Керемет жаттығулар жасатып жатыр бізге.

25 орынға лайықталған орталықта 2 оңалтушы дәрігер, екі физиотерапия кабинеті мен массаж бөлмелері жұмыс істейді. Денсаулығын қалпына келтірушілер 10 мен 20 күн аралығында ем алады. Алдағы уақытта орталықты магнитті терапия және басқа да медициналық аппараттармен толықтыру жоспарланған. Мұнда қауіпті індеттен жазылып шыққан кез келген адам келіп, емделуіне болады. Сонымен қатар емхана базасындағы вирусологиялық зертхананың да жұмысы кеңейтілген.

Райымбек Тасырбаев, қалалық емхананың бас дәрігері:

- Біздің зертхананың тәуліктік қуаттылығы 250 болса, жаңа аппараттардың келуіне байланысты қазіргі таңда 500-ге дейін артып отыр. Зертхана 24 сағат көлемінде аптасына 7 күн үздіксіз ауысым арқылы жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ баспасөз туры барысында Түркістан қалалық орталық ауруханасының да індетпен күреске дайындығы таныстырылды. Айта кетейік, коронавирустық инфекцияның алғашқы толқынында салмақтың көбі осы ауруханаға түсті. Ол кезде мұнда 300-ден медицина қызметкері күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Емдеу мекемесінде 320 төсек-орындық провизорлық стационар қарастырылған. Қосымша 50 орындық инфекциялық бөлім ашу жоспарлануда. Аурухана 81 оттегі тарату көзі, 16 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 70 дана оттегі концентраты және 70 импульстік оксиметрмен толыққан. Сондай-ақ 2 айлық дәрі-дәрмек қоры және дезинфекциялық заттармен, жеке қорғаныш киімдерімен қамтылған. Жақында аурухана базасында еліміз бойынша теңдесі жоқ стационарлық оттегі бекеті салынған.

Жанболат Ділдәбеков, қалалық орталық аурухананың бас дәрігері:

- Бұл оттегі бекеті 100 текше метрлік деп есептеледі. 100 шекше метр дегеніміз бір сәтте 500 науқасқа белгілі мөлшерде қалыпты қысыммен оттегіні жеткізіп тұрады.

Облыс көлеміндегі барлық медициналық мекемеге сүзгі жүйесі енгізілген. Қызуы жоғары келушілер арнайы дәліз арқылы кіргізіліп, жеке-жеке тексеріледі. Егер қауіпті белгі байқалса, карантинге алынып арнайы орталыққа жатқызылады. Бүгінде облыста қауіпті індет жұқтырған науқастарды емдеуге арналған 600 инфекциялық орын айындалған.

Марат Пашимов, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:

– Бірінші індет болған кезде әр мекемелерде жұқпалы аурулар госпиталі, провизорлық госпиталь болған. Оларда оттегі концентраттары 205 болса, олардың санын 2500-ге дейін апардық. Түркістанда оттегі концентраттарын 1500-ге дейін апардық.

Қазір өңірде коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайынық қызу жүріп жатыр. Атап айтқанда, оттегі станциясының саны 2 есеге артқан. Сондай-ақ 80 бірлік оксигенациялық аппарат сатып алынған. Одан бөлек, оттегі концентраторларының саны 890 бірлікке жетіп, 95 процентке артқан.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы