425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қылмыстық көрсеткіш мемлекет абыройына сын екенін тәжірибе көрсетті

  • 106
  • UPD: 23:46, 05.11.2020

2021 жылы елімізде сотталған азаматтардың кейбіріне рақымшылық жасалады. Қазір ел аумағында 30 мың адам тергеу изоляторы мен түзеу мекемелерінде отыр. Олардың 95 проценті ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін?

Заңгерлердің айтуынша, амнистияға орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар, аяғы ауыр әйелдер, 50-60-тан асқан азаматтар, мүгедектер және айықпас дертке шалдыққандар ілігуі мүмкін.

Еліміздегі жазасын өтеушілердің 95 проценті ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Жемқорлардың жайы жетісіп тұрмағаны анық. 

Серік Бірқамалов, заңгер:

- Коррупциялық құқық бұзушылық орта ауырлықтағы қылмысқа жатқызылғанда амнистияға ілігіп келді. Қазір мұндай қылмысқа қатаң жаза қарастырылып жатыр. Меніңше, бұл рақымшылық бойынша ол адамдар босатылмайды. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Әйтпесе халық арасында түсініспеушілік туындауы мүмкін.

Егемендік алғалы елімізде сотталған азаматтарға 8 рет рақымшылық жасалды. Осыдан 10 жыл бұл Қазақстан әлемдік түрме рейтингісінде сотталғандар саны жөнінен ондыққа кірген еді. Биыл 100-орыннан көрініпті. Мамандар жазасын өтеушілердің саны 64 мыңнан 30 мыңға дейін, яғни екі есе азайғанын айтады.

Бұл бір нәтижесі. Дегенмен, абақты сыртындағы өмірге үйрену олардың бәріне оңай тие бермейді. Сөйтіп, қайта адасатындар аз емес. 

Есқали Саламатов, ҚР қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұрын сотталғандардың көбі психологиялық көмекке зәру. 44 психологымыз 32 мың адамға қолдау көрсетті. Түзету мекемесіндегі өмір қалыпты тіршілікке мүлде ұқсамайды. Күн тәртібіне бағынып үйренген адамдар бостандықта әлеуметтік ортаға бейімделуі керек. Өкінішке орай, олар бұл міндетке ілесе алмай жатады. Тіпті жалғыз қалғандарды айтпағанда, отбасы барлары да ортаға үйренісе алмай қиналады. Біздің пробация қызметі оларға барынша көмектеседі.

Елімізде 246 пробация қызметі бар. Онда 1400 адам жұмыс істейді. Азаматтық жылдары 60 мыңнан аса сотталушыға қызмет көрсетілген. Оның мыңға жуығы жұмыспен қамтылды, 12 мыңы медициналық көмек алды. 4000 адамның жеке құжаттары жасалды. Мамандық алғандары да бар. Қалай дегенмен де қапастан шыққан жанды жалғыз, назарсыз қалдыруға болмайды. Мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын түзеуге ықпал еткені жөн. Халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкім бұл ретте ақсап тұрғанымызды айтады. 

Жанұзақ Әкім, халықаралық адам институтының президенті:

- Реформаларды әрі қарай жалғастыра беру керек. Оның барлығы адам тәрбиесі, балабақшасы, мектеп жүйесі. Халықаралық адам институты адам капиталын дамыту жобаларымыз, мысалы, Президенттің 2017-18 жылдардағы Жолдауларына кірді. Осы бағытта адамның өмір бойы еңбек өнімділігін арттыру, білімін көтеру, т.б. мәселелермен түгел жұмыс жасауымыз керек. 

Президент заң аясында азаматтарға және жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасалатынын айтқан еді. Заң жобасы жылдың соңына дейін дайын болады. Мамандар өз кезегінде маңызды шешім қабылдарда қоғаммен ақылдасуды ұмытпау керек дейді. 

Есқали Саламатов, ҚР Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары:

- Халыққа түсіндіру бір бөлек, еліміздегі түзету бағытын өзгертетін уақыт келді. Тарихты ақтарсақ, қазақ даласында түрме деген болмаған. Би сотына жүгінген. Жалпы саладағы реформа, амнистия, т.б. шешімдерді қоғаммен келісе отырып жүзеге асыру керек. Сол қылмыскерлерден зардап шеккендердің пікірін ескеру қажет. Сонда қайшылық болмайды. «Амнистия – қайырымдылықтың жеңуі» деп тегін айтпайды.

Жанұзақ Әкім қылмыстық көрсеткіштің мемлекет абыройына сын екенін айтады. Сондықтан азаматтарды жастайынан тәртіпке баулу маңызды. Әлемдік тәжірибе де осыны көрсетіп отыр.

Авторлар: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы