422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбедегі аялдамалардың жағдайы сын көтермейді

  • 90
  • UPD: 23:56, 11.11.2020

Ақтөбеде сау аялдама қалмаған. Көше бойындағы қоғамдық көлікті күту орындары қирап жатыр. Кейбірін баттасқан шаң басқан. Тұрғындар коммуналдық мекемелер шаһар тазалығына енжар қарайтынын айтады. Аялдамаларды салуда жергілікті ауа райы ескерілмеген. Әйнек пен қаңылтырдан жасалғаны жазда аптап ыстықтан, қыста аяз бен желден қорған болмайды.

- Жаңбырдан да қорғамайды ешқандай. Кішкентай баламен шығамыз, мысалы. Міне осылай тұрамыз. 

Тәрбия Жұмашева қоғамдық көлік қызметін күн сайын пайдаланады. Немерелерін балабақшаға жеткізсе де, қызмет орнына барса да осы аялдамадан жүретін 52-бағыттағы автобусқа мінеді. Кейде жарты сағаттан астам уақыт күтуге де тура келеді дейді. 

Тәрбия Жұмашева, қала тұрғыны:

- Ыссы күнде көлеңке болмайды. Қыстың күні екібастан келмейді. Ешқандай стандартқа сай емес. Біздерге жылы аялдама керек. Енді қазіргі микрорайон ғой. Сондықтан да дұрыс болуы керек. 

Пластик немесе әйнек пен қаңылтырдан құрастырылған аялдамалар қала көшелерінде жиі кездеседі. Алайда олардың дені әбден ескірген. Жөндеу көрмеген нысандарда тұрудың өзі қауіпті.  

Мансұр Есқожин, тілші:

- Мәселен, мына қоғамдық көлікті күту орнын аялдама деп айтудың өзі қисынсыз. Алғашында әйнектен жасалған қабырғалары қирап, орындығы шашылып жатыр. Тазалық деген тіпті атымен жоқ. Сондықтан түрлі жұқпалы ауру мен вирустың ошағы екендігіне күмән келтірмейді. 

Кейбір аялдамалардың өзі де жолаушыларға қауіп. Желге желбіреген қаңылтыр кез келген сәтте жұлынып, қасынан өткен жанды қаріп қылуы да мүмкін. 

- Пайда бар ма ана жерден. Қауіпті ғой өмірге. Балалармен мектепке барады. Сондықтан да мына аялдама өмірге қауіпті деп санаймын.

- Мұны жасаған адамдардың барлығының да миы бар адамдар. Мүмкін олардың өздері ондай аялдамада тұрмайтын болғасын халықтың тоңып-шашырап тұратындары олардың миына кірмейтін шығар. Білмеймін. Ештеңе де айта алмаймын. 

Аялдама мәселесіне қатысты әлеуметтік желілер күн сайын тұрғындардың арызына толуда. Көпшілік жылы ғимарат салуды өтінеді. Алайда облыс орталығындағы олар санаулы ғана. Олардың өзі жеке кәсіпкерлерге бөлінген жер телімдерінде. Жергілікті билік тек бизнес өкілдерінің қатысуымен ғана қираған аялдамаларды ретке келтіруге қауқарлы сыңайлы. 

Ислам Ізбасқанов, қалалық жер қатынастары бөлімі жетекшісінің орынбасары:

- Жылдың басында бізде екі аукцион өткізілді. Соның ішінде 9 жер учаскесін қатысушылар алды. 8-і қазір бүгінде ашылды. Тағы біреуі қазір құрылысты бітірейін деп жатыр. Жақында ашылады. Сол остановканы бітіргенде, қолдануға енгізу актін қойып, бізге тапсырады. Біз 20 жылға арендаға береміз. 

Желтоқсан айында қала билігі тағы да байқау өткізіп, 35 жер учаскесін саудаға шығаруға ниетті. Үлестірілген орындарда келер жылдың сәуіріне дейін жылы аялдамалар пайда болуы тиіс. Алайда мамандар оның өзін Ақтөбе қаласы үшін жеткіліксіз деп отыр. 

Жайық Қодаш, қалалық ТКШ бөлімі секторының жетекші маманы:

- Ақтөбе қаласы бойынша 773 аялдама пункттері бар. Және де қазіргі таңда сол аялдамаларда 300-дің үстінде аялдау пункттері және де аялдама жол белгілері орнатылған. 273 аялдамада аялдау пункті мен аялдама белгілері орнатылмаған. Және де 171 аялдамада тек қана аялдама жол белгілері орнатылған. 

Яғни қаладағы қоғамдық көлік тоқтайтын орындардың жартысынан көбінде тиісті пункт жоқ. Сондықтан тұрғындардың өздері тізе бүгіп, дамылдайтын жағдай жасауға кіріскен.

Авторлар: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы