429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шығынға батқан қостанайлық кәсіпкерлер жұмыс кестесін ұзартуды сұрайды

  • 163
  • UPD: 21:40, 27.11.2020

Қостанайда мейрамхана қожайындары карантин режимінің қайта-қайта созылуына қарсылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі шығынға шаш-етектен батқан. Сәуір айынан бері бір ашылып, бір жабылған кәсіптері қазір тұралап қалған. Қызметкерлерге жалақы төлемек түгілі, ғимаратты жалға алу ақысын өтей алмай жүр. Кәсіпкерлер аймақтың бас санитар дәрігерінен жұмыс кестесін ұзартып, демалыс пен мереке күндері қызметін жалғастыруға рұқсат беруін сұрайды. «Осы шектеулер күшін жойған жағдайда ғана кәсіпті сақтап қалуға болады», - дейді кәсіп иелері. 

Мейрамханашы Денис Онипченко кәсібін екі жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама көмегімен ашқан. Биыл індет кесірінен жабылуға мәжбүр. Ал мейрамхана кемінде 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып келді.

Денис Онипченко, кәсіпкер:

- Қорда жатқан қаражат жоқ бізге. Еңбекақы, жалға алу, коммуналдық қызмет ақысын төлей алмаймыз. Билік нәпақамыздан қақпаудың тетігін тапса. Бірақ бізге құлақ асатын ешкім жоқ. Бизнесіміздің болашағы бұлыңғыр.

Облыста 1200-дей бизнес субьектісі қоғамдық тамақтану қызметінде жұмыс істейді. Дені кешкілік болғандықтан, әдетте күндіз келушілер саны некен-саяқ. Ал бас санитар дәрігердің қаулысымен жұмыс күндері таңғы 08:00-ден 21:00-ге дейін істеуге рұқсат. Мұндай шектеулер шығынға себепкер әрі бизнесті құрдымға жібереді. Сол себепті карантин талаптарын жұмсартуды сұрап отыр.

Ренат Дәулетпаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының заңгері:

- Бізге жүзге жуық кәсіпкер ұсынысын жолдады. Дені жұмыс кестесін 23:00-ге дейін ұзартуды және демалыс, мереке күндері қызмет көрсетуге рұқсат беруді талап етеді. Коммуналдық қызмет үшін өтемақы сұрайды. Ұсыныстар Бас санитар дәрігер, Кәсіпкерлер палатасына және жедел штабтың қарауына жіберілді.

Кәсіпкерлерге қандай да қолдау шаралары эпидемиологиялық ахуал тұрақталған жағдайда ғана көрсетіледі. Әзірге облыс «қызыл аймаққа» кіреді. Сондықтан мейрамханашыларға шыдай тұрудан басқа амал жоқ.

Сәуле Нұрпейісова, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қоғаммен байланыс жөніндегі бас маманы:

- Түрлі банкеттер, тойлар ұйымдастырып, санитарлық талаптарды сақтамайды. Локдаунға қарамастан жұмыстарын жалғастырады. Негізінен осындай заң бұзушылықтарға барады.

Облыста 90-ға тарта мониторингтік топ күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Рейдтік шаралар тәулік бойы өтеді. Заң бұзушылыққа барғандар айыппұл төлейді. Қараша айының өзінде бұл сома 33 млн теңгеден асып түскен.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы