419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мылтығын полиция жинап алған қойшылар қасқырдан қалай қорғанарын білмей отыр

  • 132
  • UPD: 20:59, 02.12.2020

Азғырдың құмында қасқыр қаптап кетті. Түз тағысының еркінсігені сонша малды иесінің көзінше тамақтап кетіп жатыр. Ал қиыр қонып, шет жайлап жүрген шопандарда қылар қайран жоқ. Бірлі жарым мылтықты полиция жинап алған. Қазір құмдағы жұртқа коронавирустың кесірінен қатынас та сиреді. Күнкөрісін тек малдан айырып отырған халыққа қасқырдың басынғаны тіптен қиын болды.

Азғыр құмында түз тағылары тобымен жүреді дегенді еститінбіз. Бірақ қар түсіп, аяз қысқанша бағымдағы малға шаппайтын. Енді жұқпалы індетке байланысты көлік аяғы сирегесін қасқырлар қауқарсыз шопаннан ығысуды қойған. Ал оларды үркітетін малшыларда мылтық жоқ.

Аманғали Ғаббасов, асыл тұқымды қой зауытының шопаны:

- Күні кеше ғана қасқыр шауып, бір бас қойды тартып жеп кетті. Оны қалай етеміз? Мылтық жоқ ататын. Жинап алып кетті. Енді кері алайық десек қырғын құжат керек. Малды төлетеді, нанбайды. Мал бағу қиындап барады.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Әдетте атты койшы - тақымы қатты қойшы деген итқұс атты кісіден ығатын. Ал қазір қырдың қасқырларының әбден басынғаны сондай алдарындағы малын тартып жеп жатқан көрінеді. Осы біз аралап көрген шаруашылықтың өзінде 4 айда 32 бас мал шығын болған.

Шарушалыққа қарасты он бес отарда 12 мыңнан астам қой қыстаққа түсті. Әзірге күн жылы болғандықтан мал өрістен қалмаған. Бірақ түз тағылары тыным берер емес. Шаруашылықта экспортқа асыл тұқымды еділбай қойы бағылатындықтан мұнда мал басы қымбат. Саулық қой 60 мың, қошқары 120 мың теңге тұрады екен. Қасқырға жығылған қойларды қалтасынан төлейтін шопандар шаш етектен шығынға батып жүр.

Амангелді Қабдолов, қой фермасының меңгерушісі:

- Барлық жерде де ит-құс көбейіп кетті. Аулауға заң жоқ. Қазір мылтықты милиция тәркілеп алды, рұқсат жоқ деп. Мысалы, көрші Ресей шабандарындарымен көрші тұрамыз. Оларға милиция келіп, өздері  тіркеп заңдастырады. Бізге де сондай көмек бола ма екен?

Көмек болмайды екен. Себебі заңсыз от қару ұстауға рұқсат етудің өзіндік ережесі бар. Тек биылдың өзінде Азғыр өңірінен 6 мылтық тәркіленіпті. Себебі құжаттары жоқ.

Гүлнәзира Мұхтарова, облыстық ПД ресми өкілі:

- Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау» туралы Заңға сәйкес, органдарда тіркелмеген қару-жарақтар тәркіленеді. Үйінде заңсыз қару ұстаған тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Енді шопандарға қару иелену үшін алдымен құжаттарын рәсімдеу керек. Содан кейін учаскелік инспектордың рұқсатымен ғана мылтық сатып ала алады.  Ал жергілікті билік құқық қорғау органдарымен бірлесіп түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға қамданып жатыр.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы