419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысындағы елді мекендер су астында қалуы мүмкін

  • 212
  • UPD: 10:17, 03.12.2020

Шардара су қоймасының мәселесін тездетіп шешу қажет.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қосымша қашыртқы салмаса, Түркістан мен Қызылорда облыстарының 260 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендері су астында қалуы мүмкін екенін айтады. Расында, Шардараға қауіп төніп тұр ма?

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сенат депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде Шардара су қоймасына қауіп төніп тұрғанын айтқан болатын. Егер қосымша қашыртқы салмаса, зардабын елестетудің өзі қиын екенін жеткізді.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

1969 жылы апатты жағдай болған. Қазір 50 жылдан асты. Мұндай апат 50 жыл көлемінде болып тұрады. Осындай жағдай қайталанса, Шардара, Отырар аудандары, Арыс қаласының Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы тұрғынын және Қызылорда облысының 200 мыңнан аса тұрғыны су астында қалу қаупі бар.

Биыл көктемде жарылған Сардоба су қоймасындағы судың көлемі Шардарадан 5 есе аз. Бұл апат ел экономикасына 32 млрд теңге көлемінде шығын әкелді. Сондықтан қауіптің бар екенін су қоймасының мамандары да растап отыр. Себебі бұрын Шардарада жиналған артық суды ағызатын тозған Өзбекстанға өтіп кеткен. Ал көрші елдің мамандары оған дереу дамба салып тастаған. «Енді артық су келетін болса бұрынғыдай Өзбекстанға жібере алмаймыз», – дейді.

Абай Муталиев, Шардара су қоймасы өндірістік бөлімінің бастығы:

– Су келе қалса, Қызылқұм магистральді каналынан 200 куб тастай аламыз. ГЭС-тен 1500 куб секундына тастай аламыз. Ал егер 3000-4000 куб су келетін болса, ондай жағдайда бізге су тастау қаупі өте қиындау болады. Сондықтан бізге қашыртқы салу керек деп ойлаймыз.

Сондықтан мамандар жаңа салынатын қашыртқы секундына 1500 текше метр суды қабылдап, өткізуге қауқарлы болуы керектігін де ескертіп отыр. Сонда ғана артық су қауіп төндірмейтінін айтады.

 Жандос Жұмабек, тілші:

– Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5 млрд 200 млн текше метр суды құраса, осыдан 10 жыл бұрын қоймаға 5 млрд 300 млн текше метр су келген. Ол кезде мамандар төтенше жағдай жарияланып, амалдап су тасқынын болдырмағандарын айтады. Бірақ қауіптің сейілмегені рас. 6 жылдан бері осы мәселе көтерілгенімен, әзірге шешілер түрі жоқ. Егер қосымша қашыртқы салынбаса, Сардоба оқиғасы қайталануы мүмкін дейді.

Бақыт Құланов, Шардара су қоймасы өндірістік бөлімінің аға инженері:

– 60-70 жылы салынған ғимарат болғаннан кейін қауіп бар. Бұрынғы сол сулар қайтып келуі мүмкін.

Су тасқынының зардабы ауыл шаруашылығына да ауыр тиеді. Өңірдегі сала басшылары тек қашыртқы салып қана қоймай, Сырдария өзенінің ағысы мен деңгейі зерттелсе екен дейді.

Тұрғанбек Оспанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Ең бірінші апатты қашыртқымен шектемеуіміз керек. Апат онымен кетпейді. Сырдария өзенінің арнасын зерттеуіміз керек. Ол жылда келетін режим. «Елу жылда ел жаңа» дейді, жүз жылда бір цикл келіп тұрады. Ал енді сол цикл келген жағдайда біз елді мекендерді қалай сақтай аламыз. Оның ішінде жалғыз елді мекендердің қауіпсіздігі емес, барлық мелоративтік жұмыс атқарылған. 59 мың суармалы жері бар.

Сонымен қатар мамандар осыдан 13 жыл бұрын су қоймасына жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасыз істелгенін айтады. Салдарынан қойманың жан-жағындағы бетондар құлап, дренаждар істен шыққан. Биыл осыны ескерген су комитеті 7 млрд 700 млн теңгеге қойманың сағасын бекітіп, су соратын құралдарды жаңартуды бастапты.

Ғалым Мырзабаев, Шардара су қоймасындағы құрылыс учаске бастығы:

– Қауіп төнбес үшін бұрын 6 балдық жер сілкінісіне шыдайтын болса, енді 7 балдық жер сілкінісіне шыдайтын болып бекемдеп жатырмыз. 

Өңір басшысының айтуынша, қашыртқы салуға байланысты техникалық-экономикалық негіздеме дайын. Бірақ нақты қанша қаржы керек екенін айту үшін сараптама қажет. Ал Ай мен Күннің аманында судың астында қалуы мүмкін екенін естіген екі облыстың халқы қазір Үкіметтен осы мәселені тезірек шешіп беруін сұрап отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы