423,04 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да бір үйір қасқырды көрген аңшының сөзі тұрғындарды алаңдатты

  • 335
  • UPD: 15:59, 18.12.2020

Солтүстік Қазақстан облысында аңшының қасқыр көрдім деген сөзі адамдарды алаңдатты.

Анатолий Милентьев бір үйір жыртқышты Ақсуат пен Дзержинское ауылдарының маңында байқаған. Айтуына қарағанда, түз тағылары елікті қуып кеткен. Бұл жақта бұрыннын болмаған бөрілерді қорықшылар да іздеп көрді.

Дзержинское ауылының тұрғыны Анатолий Милентьев – кәдімгі аңшы. 12 жасынан әуес. Қар жауса болды, мылтығын асынып із кесіп кетеді. Соңғы рет қасқыр көрдім дейді.

Анатолий Милентьев, Дзержинское ауылының тұрғыны:

– Іздері ірі, ырғулары да зор. Жабайы иттерге мүлдем ұқсамайды. Менен 700-800 метр жерде тұрды. Төрт қасқыр елікті қуып келе жатыр екен.

Аңшының бұл сөздері ел ішінде желдей есіп жүр. Әсіресе іргелес Ақсуат пен Дзержинское ауылдарының тұрғындары алаң.

Қасқырлар Солтүстік Қазақстан облысын 2000 жылдары мекендеген. Содан бері өткен-кеткендері болмаса, мүлдем жоқ дейді мамандар.

Бұл жақта аңдар өте көп. Мысалы, мына жерде қоянның, еліктің іздері жатыр. Бірақ қорықшылар аңшы көрдім деген қасқырдың ізіне кеше де, бүгін де түсе алмай жүр.

Бұл хабарды ести салысымен Александр Тарасенко ен даланы шарлап жүр. Бүгін бізбен шықты. Қорықшының айтуынша, аңшының көрдім дегені – жабайы иттер болуы мүмкін.

Александр Тарасенко, қорықшы:

– Кеше аңшы айтқан бағытпен 160-170 шақырым жүріп өттім. Қасқыр дейтіндей бірде бір із көрмедім. Менің ойымша, жабайы иттер. Олар да жыртқыш. Елікті оңай алады. Өз көзіммен көрдім.

Табиғат қорғаушыларының айтуынша, биыл өңірде елік, жабайы мысық, қабан және түлкілер көбейіп кеткен. Тіпті, кейбіреуі елді мекендерге кіріп жүр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы

Хабар 24 телеарнасы