423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Оралда ұжымдық басқосуларға қатысқан мамандар жауапқа тартылады

  • 254
  • UPD: 21:32, 31.12.2020

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметкерлердің игі бастамасы жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар жаңажылдық думанды кештерге жұмсалатын қаражатты қайырымдылыққа бағыттады. Қазір ұжымдық басқосуларға қатысқан мамандар жауапқа тартылады. Аймақ басшысы жергілікті саяси құрылымдарға осындай ескерту жасады.

Он үш жастағы Аян жаңа жыл қарсаңында тосынсыйға кенелді. Жүйке жүйесі ауруына шалдыққан жеткіншекке Аяз ата мен ақшақар, аниматорлар келіп, ертегілер әлеміне жетеледі. Сонымен қатар түрлі тәттілер тарту етті. Бұл мерекелік шара мемлекеттік қызметкерлердің қайырымдылық акциясы аясында ұйымдастырылып отыр.

Меңсұлу Нұрсиықова, Аянның әжесі:

– Келіп жатқан ұжымға, ақшақарға, барлығына алғысымыз шексіз. Осындай мүмкіндігі шектеулі біздің балаларымызды қандай жағдай болса да, құрметтеп жатады. Концерттеріне қатыстырып жатады.

Өткен аптада басталған акцияны қала әкімдігі жалғастырды. Шаһардағы барлық саяси құрылым ұжымдық кештерден бас тартып, қайырымдылыққа жұмылды. Нәтижесінде әлеуметтік осал топтарға азық-түлік жеткізілді. Әрі кембағал балаларға мерекелік шара ұйымдастырылды.

Арман Дәулетов, мемлекеттік қызметкер:

– Бұрынғы кезеңдерде, жалпы корпоративтік жиылыстар болатын. Биылғы жылы сол жиылыстар толықтай тоқталып, соған арналатын қаржымызды мүмкіндігі шектеулі балаларға, көпбалалы отбасыларға сый-сияпат ретінде ұсынып отырмыз.

Өңірде ұжымдық іс-шаралар өткізуге қатаң тыйым салынды. Мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтарына жүргізілетін рейдтік шаралар күшейтілді. Карантин талаптарын бұзған адамдар жауапқа тартылады. Тіпті мемлекеттік қызметкерлер жұмысынан қуылуы мүмкін.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

– Әр түрлі ақпарат түсіп отыр. Біздің қызметкерлеріміз, білім басқармасының, мәдениет басқармасының адамдары осындай шараларға қатысып жүр. Мұндай адамдарға қатаң шаралар қолданамыз.

Мемлекеттік қызметкерлердің акциясына кәсіпкерлер де үн қоса бастады. Іскер жандар қайырымдылық шарасына қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Игі бастама аясында мыңнан астам отбасыға көмек беру көзделген.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы