389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шетел асқан бұрынғы әкімдер мен министрлер ел қазынасынан 8 млрд АҚШ долларын жымқырған

  • 522
  • UPD: 20:11, 08.12.2017

Ел қазынасына қол сұғып, шетел асқан бұрынғы әкімдер мен министрлер 8 миллиард АҚШ долларын жымқырған.

Қазір еліміздің арнайы құрылымдары бұл қаражат пен оны алып қашқандарды елге қайтаруға күш салып жатыр. Бұл туралы бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық конференцияда айтылды. Жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров қылмыскерлердің заң бойынша жазаланатынын айтты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық конференция елорда төрінде осымен үшінші рет өтіп отыр. Биылғы жиынның өзегіне айналған тақырып – мемлекет қаржысын қалтаға басып, шетел асқандарды елге қайтару. Қайрат Қожамжаров келтірген дерек бойынша соңғы 10 жылда өзге мемлекеттерде жасырынып жүрген 205 жемқордың 152-сі Қазақстанға қайта жеткізілген. «Ал атышулы Мұхтар Әбләзов пен Храпуновтар отбасы сияқты қолға түспей жүргендер де түбі жазаланады», – деді агенттік жетекшісі.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және СЖҚІҚ агенттігінің төрағасы:

– Әбләзов осы жылдың маусым айында ғана сот арқылы кінәлі деп танылды. Тергеу көп уақыт жүргізілді. Сол соттың нәтижесінде оның қылмыс жасағандығы, өзінің сыбайластарымен бірге қанша миллиардтаған ақшаны еліміздің сыртына шығарғандығы және қандай шетелде активтер алғандығы біз оның барлығын білеміз.

8 миллиард АҚШ доллары. Жең ұшынан жалғасқан бұрынғы шенеуніктерден келген шығын көлемі осындай. Жиында сөз алған еліміздің Мемлекетік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның» жемқорлықпен жүйелі түрде күресуге мүмкіндік беретінін айтты.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:

– Қазақстан Республикасының жемқорлыққа қарсы саясатының негізі – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси шешімдерімен байланысты. Осы жылы бастау алған үшінші жаңғырудың басты бағыттарының бірі – жемқорлықпен күрес. 1995 жылдан бастап Қазақстанда 7 мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Биыл 8 заң жобасы, 30 заңнамалық акт және 8 мемлекеттік қызмет көрсету стандарты әзірленді.

Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы елімізде көрсетілетін электронды қызметтердің 60 пайыздан асатынын жеткізді. Ескеретін жайт, Қазақстан БҰҰ «электронды үкіметінің» даму индексінде 174 елдің арасында 33-орында тұр. Конференцияға арнайы келіп, баяндама жасаған халықаралық сарапшылар бұл бағыттың дұрыс екеніне тоқталды.

Игорь Гутцан, сарапшы (Молдова):

– Менің ойымша, «электронды үкімет» жүйесі жемқорлық әрекеттерді азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл ретте көптеген қызметті біріктірген халыққа қызмет көрсету орталықтарының рөлі де маңызды. Әрине, әлі атқарылатын жұмыс көп. Дегенмен ілкімді ілгерілеу бар.

Вирджиния Куллудон сарапшы (Германия):

– Қазір жемқорлық әрекеттерді жасыру үшін қолданылатын технология дамып кетті. Бүгін Астанада бұл технологияны жақсы түсінетін мамандар жиналып, өзекті әрі өткір мәселелерді қаузады. Бұл – өте жақсы үрдіс.

Астанада өткен жиынға Ұлыбритания, Австрия, Бельгия, Германиядан келген мамандар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында шараға қатысушы тараптар өзара құқықтық көмекті нығайтуға келісті.

Хабар 24 телеарнасы