378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде 20 жастағы жігіт соққыға жығылды

  • 338
  • UPD: 11:42, 26.12.2018

Ақтөбеде 20 жастағы жігітті жабылып соққыға жыққандар ұсталды. Ал Таразда ұзақ уақыттан бері ұстатпай жүрген баукеспе ұры қолға түсті. Ол осы уақытқа дейін жеті үйді тоннаған. Сондай-ақ Өскемен қаласының шетінде орналасқан қазандық ғимаратынан өрт шықты. Жалын 300 шаршы метр жерді шарпығған. Ал Түркістан облысының полицейлері жедел іздестіру шарасы барысында 14 заңсыз сақталған қаруды тәркіледі.

Ақтөбеде бір топ жігіт 20 жастағы қала тұрғынын өлімші етіп сабап, көшеде тастап кеткен. Оқиға қала орталығындағы 12 шағын ауданда болған. Бұл оқиға подъезд алдындағы бейнекамераға түсіп қалған. Әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнероликте оншақты адамның бір жігітке жабылғанын көруге болады. Күдіктілер суық қару қолданып, зардап шеккен азаматты ауыр жаралаған. Қазір ол облыстық жедел-жәрдем ауруханасында жатыр.

Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен күдіктілер ұсталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Пәтер тонаған ұры ұсталды

Таразда ұзақ уақыттан бері ұстатпай жүрген ұры қолға түсті. Ол бұған дейін үйлерді тонап, артынша ізін суытып отырған. Баукеспе бұл жолы қаладағы баспаналардың біріне ұрлыққа түсіп, құны 3,2 миллион теңге болатын заттарды үптеп кеткен. Шағым бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп, полицейлер 25 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Ол бұрын істі болған қала тұрғыны болып шықты. Тергеп-тексеру барысында оның дәл осындай 7 қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Күдікті істеген қылмысын мойындап, үйлерді қалай тонағанын және ұрланған заттарды қайда өткізгенін көрсетіп берді. Жалпы азаматтарға келтірілген шығын көлемі 6 млн теңге. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Жалпы тұрғындардан біздің департаментке осы пәтер ұрлығы бойынша шағымдар жиі түседі. Жыл басынан бастап 1246 факт тіркелген. Оның 537-і қазіргі таңда ашылып отыр. Енді қалған фактілер бойынша да жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр.

Қазандықтан өрт шықты

Өскеменде қала шетіндегі Примыкания аумағында орналасқан қазандық ғимаратынан өрт шықты. Тілсіз жау таңертең жекеменшік май цехына тиесілі қазандықтан тұтанған. Өрт сөндіру қызметінің мамандары келген кезде қазандық жанып, ішіндегі май сыртқа ағып, жағдайды ушықтыра түскен. Көк түтін ішінен жұмысшылар қауіпсіз жерге көшірілген. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Қалалық өрт сөндіру басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өртті сөндіруге 50 маман мен 11 техника жұмылдырылған. Жалпы өрт 300 шаршы метр жерді шарпыды.

Заңсыз қару тәркіленді

Түркістан облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері облыс аумағында «Қару» іс-шарасын өткізді. Негізгі мақсаты – азаматтардың қолындағы заңсыз сақталған қаруды алу. 3 күнге жалғасқан рейд барысында тәртіп сақшылары 14 қару тәркілеген. Оның 12-сі заңсыз сақталған болса, екеуін тұрғындар өз еріктерімен тапсырған. Жалпы Түркістан облысында 10 мың азаматтың заңды қаруы бар. Арнайы жүргізілген шара барысында оларға да тексеру жүргізілді. Қару өз тәртібі мен ережесіне сай арнайы темір сейфте сақталуы керек. Тексеру кезінде 183 азаматтың қару сақтау ережесін бұзғаны анықталды. Қазір оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып жатыр. 

Алмасхан Тастамбеков, облыстық Полиция департаменті басқармасының басшысы:

- Негізі қаруды арнайы сейфте сақтау керек. Ал сейфте қару мен оның оқтарынан басқа ештеңе болмауы керек. Бізде көбінесе азаматар сол сейфте ақшаларын қоса сақтайды. Оған тыйым салынған. Бұл дұрыс емес. Біз соларды анықтап, әкімшілік хаттама толтырып, жауапкершілікке тартамыз.

Жүк көлігі жарылды

Қарағандыдағы «Шығыс» базарында жүк көлігінің жанармай құятын багы жарылды. Қызыл жалынды сөндіруге облыстық ТЖД 6 арнайы техникасы мен жеке құрамның 25 адамы жұмылдырылған. Өрт аумағы – 8 шаршы метр. Кабина тұтас отқа орнатып, жүк салатын бөлігіндегі қаптамасы өртенген. Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Нұрайым Кенжеханның айтуынша, жүк көлігінің жүргізушісі жанармай багын дәнекерлейтін лампамен жылытпақшы болған. Соның салдарынан ер адамның беті мен қолы күйіп қалған. Қазір жүк көлігінің жүргізушісі ауруханада жатыр.

Хабар 24 телеарнасы