389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайда жойқын жарылыс болды

  • 389
  • UPD: 16:10, 17.06.2019

Бүгін Қостанайда жойқын жарылыс болды.

Төтенше жағдай көліктерге техникалық қызмет көрсету станциясының маңында болған.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Жарылыс түс ауа сағат 12:47-де Баймағамбетов пен Лермонтов көшелері қиылысында болды. Куәгерлердің айтуынша, қатты тарс еткен дыбыс шығып, көліктерге техникалық қызмет көрсету станциясының тас-талқаны шығып, өртеніп кеткен. Екі қабатты ғимараттағы жалын күшейіп, көрші тамақтанатын орынға жеткен. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтады. Болжам бойынша, жарылысқа газ қондырғыларын орнату жұмыстары себеп. Оқыс оқиға салдарынан 7 адам зардап шекті. Алтауы жедел жәрдеммен қалалық ауруханаға жеткізілді. Төртеуінің жағдайын ауыр деп бағалап отыр дәрігерлер. Олар аурухананың жансақтау, жарақат бөлімінде жатыр. Жапа шеккендер бас сүйегінен жарақат алып, денелерін түрлі дәрежеде күйік шалған. Оқиға орны қоршауға алынған. Мұнда полиция және төтенше жағдайлар департаментінің 98 қызметкері және 30 техника жұмыс істеуде. Себебі неден болғаны, қалай болғаны анықталатын болады. Ғимараттан 9 газ баллоны қауіпсіз жерге көшірілді.

Руслан Орынбеков, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Көліктерге газ орнату бекеті болып есептеледі. Сол жерге бір көлікте газдың ақауы бар екенін айтып, бір кісі келген. Алдын ала болжам бойынша сол ақаудың кесірінен осы жерде жарылыс болған.

Хабар 24 телеарнасы