380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оқиғалар хроникасы. 26 желтоқсан

  • 129
  • UPD: 12:04, 26.12.2019

Алматы қаласындағы көк базар маңында орналасқан дәмханалардың бірінен өрт шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пушкин көшесіндегі кәуапхананың қызыл жалынға оранғаны туралы хабарлама таңғы сағат 5-тер шамасында түскен. Өрт сөндірушілер онда 8 минуттың ішінде жетті. Оқиға орнында 7 техника мен төтенше жағдайлар департаментінің 22 қызметкері жұмыс істеді. Нәтижесінде өрт тез арада сөндіріліп, оның жапсарлас жатқан ғимараттарды шарпуына жол берілген жоқ. 

Сатушыны соққыға жыққан адам анықталды

Өскемендегі дүкендердің бірінің сатуышысына шабуыл жасаған адамның кім екені анықталды. Ол дүкеншінің 37 жастағы өз көңілдесі болып шықты. Отбасылық-тұрмыстық келіспеушіліктің соңы осындай бұзақылыққа әкеліп соқтырған. Қазір сатушыны соққыға жыққан қала тұрғынының үстінен қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша іс қозғалды. Оның бұған дейін де істі болып, қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. 

Қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

Алматы қаласы мен Түркістан облысында жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасағандар қолға түсті. Алатау баурайындағы алып шаһарда болған оқиға бойынша күдікті ұсталып, қамауға алынды. Ол өзінің жанармай құю бекетінде жұмыс істейтін танысымен бірге ішімдік ішіп, одан ақша сұраған. Артынша оның мойнына пышақ ұрып, кассадан 40 мың теңгені алып кеткен. Жәбірленуші Алматыдағы №4 ауруханаға жеткізілді. Жағдайы бірқалыпты, - дейді дәрігерлер. Ал Түркістан облысындағы қарақшылар жанармай құю бекетінде ақша болмағандықтан, кассирді ұрып құлатып, оның 70 мың теңге тұратын ұялы телефонын тартып алған. Бұл оқиғаға тікелей қатысы бар деген күдікпен Шымкент қаласының 4 тұрғыны қолға түсті. Олардың үстінен «қарақшылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жол апаты жиілеп барады

Өткен аптада елімізде 166 жол апаты болып, салдарынан 34 адам қаза тапты. 200-ден астам жолаушы түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Оның ең негізгі себебі жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін сақтамауынан туындауда. Дегенмен, полиция қызметкерлері жолдың тазалығына жауапты мекемелердің өз жұмысына салғырт қарайтынын айтады. Мәселен, жыл басынан бері Алматы облысының жолдарында 1700-ден астам тексеру жүргізіліп, жолды күтіп ұстау талаптарының бұзылуына қатысты 156 әкімшілік хаттама толтырылған. Әсіресе, Алматы – Өскемен тас жолы біздің жіті бақылауымызда, - дейді полиция департаментіндегілер.

Дәулет Молдаханов, облыстық әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

– Қазір біз Мұқыры асуында тұрмыз. Өздеріңіз жолдың жағдайын көріп тұрсыздар. Жол тазаланбаған. Қар күрелмеген. Сол себепті де тексеру нәтижесі бойынша біз құзырлы жол мекемелеріне ұйғарым жібереміз қарды тазалау және құм төсеу мәселесі бойынша.

Әкесін атып өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты

Қостанай олысына қарасты ауылдардың бірінде өзінің туған әкесін атып өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты. Сол күні оның қолында болған аңшы мылтығының еш жерде тіркелмегені анықталып, күдіктінің кәнісі толық дәлелденді. Дегенмен, ол жазасын өтеу үшін қатаң режимдегі тәртіппен түзеу мекемесіне емес, мамандандырылған психиатриялық ауруханаға жөнелтілетін болды. Себебі, сот туған әкесінің қанын мойнына жүктеген әйелді ақыл-есі ауысқан, қоғам үшін өте қатерлі адам деп тапты.

Боранда адасқандар құтқарылды

Қарағанды облысында боранды күні жолға шығып, адасып кеткен адамдар құтқарылды. Жеңіл көлікпен Жезқазған қаласынан Ақтас ауылына бағыт алған 1944, 1974 және 1975 жылғы үш жолаушы сол күні межеленген жерге жете алмаған. Байланысқа шығу мүмкін болмаған соң Ұлытау ауданының Жезді ауылы тұсында іздеу жұмыстары жүргізілді. Абырой болғанда құтқарушылар оларды Ақтас ауылынан 20 шақырым жердегі ескі қыстаудан тауып алды. Үшеуі де дін аман. Боранда адасқан азаматтар медициналық көмектен бас тарты. Қарағандылық құтқарушылар өткен демалыс күндері осындай жағдайға тап болған 13 адамға көмек көрсетен. 

Хабар 24 телеарнасы