432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзгелердің атынан онлайн несие алып жүрген түркістандық ұсталды

  • 398
  • UPD: 11:14, 23.04.2020
Өзгелердің атынан онлайн несие алып жүрген түркістандық ұсталды

Түркістан облысының полицейлері өзгенің атынан онлайн несие алып жүрген жас жігітті ұстады,  деп хабарлады Polisia.kz. 

Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс азамат оның атынан жеке куәлігін пайдалана отырып, ғаламтор арқылы 75 000 теңге онлайн несие алған. Одан соң оның қарызы 250 000 теңгеге жуықтап, көбейіп кеткен.

Аталған факт ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркелді. Арызданушының арызына сәйкес, орын алған алаяқтықты анықтау мақсатында Сарыағаш ауданы полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Куәгерлерден жауап алып, жиналған ақпарат көздері арқылы полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні арыз түскен соң 1 күн ішінде өз үйінен ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Аталмыш қылмыстың ақ-қарасын анықтауға кіріскен тергеуші Ерасыл Намазбаевтың анықтауынша, күдікті өзінің жымысқы ойын іске асыру мақсатында жәбірленушіден туысының ақша жіберетінін айтып банк картасын алдап алғаны белгілі болды. Осылайша, ол жәбірленушінің жеке деректерін пайдаланып онлайн несие рәсімдеген.

Осыған ұқсас тағы 3 жайтқа қатысы бар болып шықты. Бұл деректерде алаяқ жігіт біреуінің атынан 25 000 теңге, келесісінен 35 000 теңге, үшінші тұрғынның атынан 10 000 теңге несие алып, өз қажеттілігіне жаратып отырған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Хабар 24 телеарнасы