425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да заңсыз аңшылықпен айналысқандар ұсталды

  • 443
  • UPD: 11:30, 14.05.2020
БҚО-да заңсыз аңшылықпен айналысқандар ұсталды

Батыс Қазақстан облысында заңсыз аңшылықпен айналысып, бөкендерді баудай түсірген күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полицейлер мен «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» қызметкерлері бірлесе жүргізген рейд кезінде Казталов ауданы Жалпақтал ауылының 43 және 37 жастағы екі тұрғынынан 15 атылған киік пен кесілген 30 мүйіз табылды. Тегіс ұңғылы ИЖ маркалы аңшы мылтығы мен 57 патрон тәркіленді. «Заңсыз аңшылық» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу алды амалдары басталды.

Контрафактілік өнім тәркіленді

Шығыс Қазақстанда ірі көлемдегі контрафактілік ішімдік өнімдері тәркіленді. Зайсан ауданының азаматы жүк көлігімен заңсыз  тауарды  алып өтпекші болған. Алайда жіті  тексеру кезінде  тиелген көкөніс астынан  пластикалық шөлмектерге құйылған ішімдік өнімдері табылды. Аталған өнімді тасымалдауға азаматтың қолына ешқандай құжат та болмапты. Жалпы көліктен 747 литр спиртті ішімдік тәркіленді. 49 жастағы Зайсандық азаматтың үстінен әкімшілік  іс қозғалды.

Тұрғын үй өртеніп, ер адам қаза тапты

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй өртеніп, бір адам қаза тапты. Қайғылы оқиға Кустовое ауылында болған. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, бұл туралы хабар таңертең келіп түскен. Олар оқиға орнына жетемін дегенше шаруа қожалығының жұмысшылары өртті ауыздықтап үлгерді. Мамандар үйдің ішінен 45 жастағы ер адамның денесін алып шықты.

Игорь Жуков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Өрт 30 минуттың ішінде ауыздықталды. Болжам бойынша, марқұм темекісін сөндірмей ұйықтап қалуы мүмкін. Қазір осыған байланысты сараптама жүріп жатыр.

5 адам оттан құтқарылды

Өскемен қаласында 5 адам өрттен құтқарылды. Қасым Қайсенов көшесіндегі көпқабатты үйдің отқа оранғаны туралы хабар құтқарушыларға түнгі 10-дарда келіп түседі. Өрт сөндірушілер жедел жеткенде 3-ші қабаттағы пәтерлердің бірі жалындап жатқан болатын. Алаудың күштілігі сонша көрші пәтердің терезесі балқып, шатыр жана бастайды. Құтқарушыларға дейін көрші подьездің тұрғыны Алексей Обухов көмекке келіп үлгереді. Ал өрт сөндірушілер пәтерлерді аралай жүріп түтіннің арасынан барлығы 17 тұрғынды қауіпсіз жерге шығарады. 5 адам ажалдан аман қалады.  Жалпы аумағы 35 шаршы метрді шарпыған өртті сөндіруге 9 техника, 30 маман жұмылдырылыпты.

Жағажайда өрт шықты

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы Асан ауылында жағажайда өрт шықты. Шақырту бойынша шұғыл жеткен өрт сөндірушілер жеке кәсіпкерге тиесілі жағажайда жазғы күркелер мен құрғақ шөптің жанып жатқанын көреді. Дереу қосымша техника шақыртылып, жарты сағатта тілсіз жау тізгінделген. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 12 қызметкер және 3 техника жұмылдырылды.

Көлік ұрлағандар қолға түсті

Алматы қаласынан ұрланған көлік Жамбыл облысынан табылды. 44 жастағы қала тұрғыны «Range Rover» автомобилін белгісіз біреулердің автотұрақтан ұрлап әкеткені туралы полицияға шағымданған еді. Аталған факт бойынша құқық қорғау органдарына жедел бағдар беріледі. Жол сақшылары полиция капитаны Досбол Пайызбаев пен аға лейтенант Алмас Саметовтің қырағылығы арқасында ұрланған мүлік Алматы – Екатеринбург трассасының 296 шақырымында көзге түсті. Аталған көлікті жүк көлігіне тиеп, Нұр-Сұлтан қаласына апара жатқан күдікті ұсталып, Мойынқұм аудандың полиция бөліміне жеткізілді.

 

Хабар 24 телеарнасы