411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда жоғалған 1,5 жасар бүлдіршіннің денесі табылды

  • 117
  • UPD: 15:39, 22.05.2020

Атырауда осыдан үш күн бұрын жоғалған бір жарым жасар сәбидің денесі бүгін табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әли Әбіш есімді баланың жоғалғаны туралы ақпарат 20 мамыр күні полицияның кезекшілік бөліміне түскен еді. Сол сәттен бастап қала бойынша 700-дей адам жоғалған баланы іздеуге шыққан. Өкініштісі, сәбидің денесі бүгін таңертең өзі тұрған үйдің ауласындағы ескі кәріз құдығынан табылды.

Кешеге дейін Әли Әбішті аман тауып аламыз деген үміт басым болған. Оны іздеуге қалалық полиция басқармасының жеке құрамы мен төтенше жағдайлар қызметі мамандары және көршілер, волонетерлерден құралған 700-дей адам атсалысты. Осылайша, 3 күн бойы табанынан таусылған іздеуші топ бүгін таңертең сәбиді ескі құдықтың ішінен шығарып алды. 

Олжас Сұлтанов, волонтер:

– Оған кез келген адам түсе алмайды, тек арнайы маман костюммен түсе алатын жер. Бала қосқыстардың астында жатыр екен, 1000 адам келген болар, бәрі ашып осы құдықты қарады.

Қазір құзырлы органдар тергеу-тексеру амалдарын бастады. Бір түсініксізі, кеше, алдыңғы күндері аталған кәріз құдығын тексергендер бар. Бірақ ол кезде ешнәрсе табылмаған.

Әділхан Байдосов, облыстық ПД басшысының орынбасары:

– Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлерімен зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесі қосымша хабарланатын болады. Яғни барлық медициналық сараптама өткізіледі, соған байланысты себебі хабарланады.

Жыл басынан бері қарай Атырау облысы бойынша жоғалған 12 азамат тіркелген екен. Олардың 10-ы аман-есен табылыпты. Өкінішке орай, бұл жолы жас сәбиді аман алып қалу мүмкін болмады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы