428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда басына оқ тиген сарбазға операция жасалды

  • 153
Ақтауда басына оқ тиген сарбазға операция жасалды

Оқыс оқиғаға байланысты әскери прокуратура тергеуді бастады.

Ал ақтөбелік полицейлер Ембі өзенінің жағасынан қарасора плантациясын тапты.

Ақтауда басына оқ тиген сарбазға операция жасалды. 19 жастағы жас жауынгердің аман қалғанына дәрігерлердің өзі таң қалып отыр. Оқыс оқиға осыдан 4 күн бұрын Ұлттық ұланға қарасты 6656 әскери бөлімінде болған. Ату алаңын тазартып жүрген сарбаз құлап кетіп, басына жерде жатқан оқ тиген. Жарақат алған сарбазды бірден облыстық ауруханаға жеткізген. «Оқиға себебі мен мән-жайы анықталуда. Әскери прокуратура   соталды тергеу жүргізіп жатыр», – деп хабарлады Ұлттық ұлан өкілдері.

Гельман Чагай, облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Қатардағы жауынгер Кәрімов бізге 24 қыркүйек күні келіп түсті. Басына оқ тиген. Абырой болғанда, оқ бас сүйегінен өтпеген. Операция жасадық. Басынан алынған оқ сараптамаға жіберілді. Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты, денсаулығы жақсарып келе жатыр. Әлі бір аптадай ем алады.

БІР ОТБАСЫ ӨРТТЕН АМАН ҚАЛДЫ

Павлодарда жеке тұрғын үй өртеніп кетті. Оқыс оқиға қала іргесіндегі Кенжекөл ауылында түнгі 3-те тіркелген. Қызыл кірпіштен салынған 7 бөлмелі үйдің шатыры түгел жанып кетті. Үй ішіндегі жиһаздар мен киім-кешектердің де сау-тамтығы қалмаған. Жалпы 300 шаршы метр аумақты қызыл жалын шарпыған. Өрт сөндірушілер келгенше үйдегі 6 адам сыртқа шығып үлгерді. Зардап шеккендер жоқ. Тап осындай өрт облыстың Ақсу қаласында да тіркелді. Жеке шаруашылықтың сарайынан өрт шығып, шатыры жанып кетті. Ішінде бір тонна жем мен 4 тонна көмір болған. Абырой болғанда, құтқарушылар үлкен газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді. Қазір өрттің шығу себебі мен шаруаға келген шығын көлемі анықталып жатыр.

ҮЙ ӨРТЕНДІ

Ал Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Ынтымақ шағын ауданында жеке үй қора-қопсысымен бірге түгел өртеніп кетті. Өрт таңғы 8-дер шамасында тұтанған. Қызыл жалын 200 шаршы метр аумақты шарпыды. Қора ішіндегі шөп, 2 текше метр отын ағашы да жанып кетті. Қораның ішінен 2 дана 50 литрлік газ /пропан/ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өртті сөндіруге 5 өрт сөндіру техникасы, жеке құрамнан 25 адам және апаттар медициналық орталығының қызметкерлері жұмылдырылды. Өрт бір сағаттан аса уақытта толығымен сөндірілді.

ҚАРАСОРА ЕГІЛГЕН АУМАҚ ТАБЫЛДЫ

Ақтөбелік полицейлер Ембі өзенінің жағасынан қарасора плантациясын тапты. Аумақтан өсімдіктің 100-ге жуық түбі тәркіленді. Ал оны өсірумен айналысқан төрт адам қамауға алынып, қазір тергеу амалдары басталған. Егер заңсыз істері дәлелденсе, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қарасора егілген плантация жедел алдын алу шарасы барысында анықталған.

Нұрлан Таушанбаев, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

– Мұғалжар ауданының төрт тұрғыны қамауға алынды. Бұл қылмысқа қатыстары бар. Бұлар егумен, сатумен айналысқан адамдар. Жыл басынан бері қарай Ақтөбе облысы Полиция департаменті қызметкерлерімен 200-ден астам құқықбұзушылық анықталып отыр және де 200 кг-дан астам есірткі заты тәркіленді.

ТАУ ШАТҚАЛЫНДА ЗАРДАП ШЕККЕН АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Алматы облысында «Қора» тау шатқалындағы туристік жорық кезінде ер адам қатты жарақаттанып, қозғала алмай қалған. Көмекке «Еурокоптер» тікұшағымен 4 құтқарушы мен кинологиялық жасақ ұшып барды. Төтенше жағдайлар қызметкрелері мен «Қазавиақұтқарудың» мамандары жүргізген оқу-жаттығуы осындай сценариймен өрбіді. Иісшіл иттің көмегімен іздестіру жұмыстары сәтті жүргізіліп, жарақат алған саяхаттаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ жаттығу барысында 3 мың 200 метр биіктіктен асқан тау бөктерінде зардап шеккендермен бірге құтқарушыларды бортқа түсіру және отырғызу пысықталды. Мұндай жаттығулар   құтқарушы нақты және қатесіз әрекет етуі үшін қажет.

Хабар 24 телеарнасы