427,01 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраудағы полиэтилен құбырлары зауытының өнімдеріне сұраныс аз

  • 2038

Атыраудағы полиэтилен құбырлары зауытының өнімдеріне сұраныс аз.

Негізінен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласына қажетті заттар шығаратын кәсіпорын өңірдің индустриялдық картасына енгізілген серпінді жобалардың бірі. 40 миллион доллар қаржы салынған кәсіпорын қазір өз қуатында жұмыс істеп кете алмай отыр. Зауыт өкілдерінің айтуынша, өнімдері сапалы болғанымен, ішкі нарықта нағыз бәсекеден гөрі алалау басым.

2013 жылы ашылған полиэтилен құбырлар зауытының өнімдері су тарту құбырлары мен көгілдір отын желісіне арналған. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мұндай өнім еліміз бойынша Атыраудан басқа облыста шығарылмайды. Шикізат емес дайын өнім өндіріп келген зауыт үш жыл бойына жоспарлаған межеге жете алған жоқ. Мәселен, жылына 30 мың дана бұранда шығарса, оның 350 данасы ғана, 15 мың тонна құбыр шығарса, оның 3 мың тоннасы ғана сатылады екен.

Омар Әбдиев, зауыт директорының орынбасары:

- Қазіргі таңға өнімімізді нарыққа шығара алмай отырмыз. Өйткені сырттан келетін сапасыз өнім көп және бақылана бермейді. Ал біз өнім сапасын төмендетуге жол бере алмаймыз.

Өңірде құбырларды жиі пайдаланатын коммуналдық кәсіпорындардың бірі – «Атырау Су Арнасы» мекемесі. Бұл кәсіпорынның тендерін көршілес батысқазақстандық компания ұтып алған. Жергілікті өнімнің сапасына ешкім шек келтірмейді бірақ мемлекеттік сатып алу жүйесінің заңы солай алдымен тауар бағасының арзан болуына мән беріледі.

Андрей Ташлыков, «Атырау Су Арнасы»МКК директоры:

- Байқаудың басты талаптарының бірі – бағаның төмен болуы. Яғни қай компания төмен баға ұсынады, сол ұтады.

Құбырдан бөлек су және газ құбырлары желісін ашып-жабуға арналған бұрандалар Ресей, Туркия секілді елдерден сатып алынады. Олар өз өнімдерін арзан бағамен ұсынатындықта,н көп жағдайда тендерді ұтып алады. Ал сапалы шикізаттан жасалатын отандық өнім нарыққа ілесе алмай отыр. Алдағы жылдары Атыраудағы мұнай химиясы кешенінің өнімдері шығарылса, құбыр бағасын төмендетуге болады дейді мамандар.

Диас Жәнібеков, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Құбыр өндірісіне қажет негізгі шикізат полипропилен мен полиэтиленді арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар шығарысымен өнім бағасын айтарлықтай түсіруге болады. Қазіргі күнге біздің зауыттар шикізатты сырттан тасымалдап отыр. Сондықтанда дайын өнімнің өзіндік құны жоғары.

Шикізат өндіретін кешен жоспарға сәйкес биыл жыл аяғына таяу іске қосылуы тиіс. Полиэтилен мен полипропиленнің өз елімізде өндірілуі жергілікті кәсіпорындардың дамуына үлкен септігін тигізбек. Құзырлы мемлекеттік орган өкілдері де ішкі нарықта ең алдымен отандық өнімдерге басымдық беріп, жергілікті кәсіпорындарға барынша қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов

Хабар 24 телеарнасы