385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҰҚШҰ аясында Қазақстан мен БҰҰ терроризммен күресте ортақ әдіс қолданбақ

  • 496
  • UPD: 21:45, 12.04.2018
ҰҚШҰ аясында Қазақстан мен БҰҰ терроризммен күресте ортақ әдіс қолданбақ

Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында БҰҰ-ның терроризмге қарсы құрылымдарымен ынтымақтастықты кеңейте түспек.

Мақсат – халықаралық лаңкестік пен зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды арттыру. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте мәлімдеді. Онда Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымының Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Басқосуға сондай-ақ Беларусь, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Сербия мемлекеттерінің делегаттары келді.

Айта кетейік, биыл ұйымның төрағалығы қызметін Қазақстан атқарып жатыр. Кездесуде еліміз халықаралық аренада терроризммен күресудің ортақ амалын табуды ұсынды. Бұл мәселе – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның өз қызметіндегі маңызды басымдықтарының бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламент Сенатының төрағасы:

– Ең алдымен Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымы елдері азаматтарын лаңкестік жайлаған аймаққа жібермеу үшін алдын алу шараларын қолға алу керек. Содан соң кез келген радикалдық саяси және діни ахуалды қабылдамау үшін қоғамда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу –міндет.

Киберқауіпсіздік қатері туралы айта келе, Сенат төрағасы компьютерлік шабуылды бейтараптандыру және осы салада тәжірибе алмасу үшін Ұйымның интерактивті платформаларын кеңінен қолдану қажеттілігіне тоқталды. Тағы бір басымдыққа ие тақырыптың бірі – заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру. Қазақстан 2020 жылға дейін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының есірткіге қарсы стратегиясын жүзеге асыру үшін есірткімен күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік орталығының Алматыдағы өкілдерін осы жұмысқа тартуды ұсынып отыр.

Хабар 24 телеарнасы