389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана қалалық басқармалар құрамы қайта жасақталады

  • 570
  • UPD: 16:28, 26.02.2019
Астана қалалық басқармалар құрамы қайта жасақталады

Бақыт Сұлтанов қала әкімдігінің құрылымын өзгертіп, басқармалардың жаңа бағытын айқындап берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Кеше өткен Мәжіліс Парламентінің пленарлық отырысында Елбасы бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдай мен сыртқы саяси ахуалды ескере отырып, бірқатар басты бағыттарды айқындап берді. Оның ішінде Президент, халықтың жағдайын көтеріп, азаматтарды әлеуметтік қолдау мен идеологиялық жұмысты күшейту бойынша нақты тапсырма берді», - деді әкім.

Оның айтуынша, әкімдік құрылымын қайта жасақтап, кешенді жұмыс жасаудың уақыты келді.

«Біріншіден, қазіргі қаржы және бюджеттік және стратегиялық жоспарлау басқармалары Жаңа экономика басқармасы болып біріктіріліп, қаламыздың стратегиялық дамуы мен басым секторларды дамыту арқылы жаңа экономиканы жасақтауға жауап беретін болады. Бүгінде Астана өзін өзі ақтап отыр, экономикамыздың 61% шағын және орта бизнесті құраған аймаққа айналған. Біз алдағы уақытта осы саланы әрі қарай дамытуымыз қажет. Ол үшін мемлекеттік активтер санын көбейтпей, нарықпен тығыз жұмыс істеу міндеті тұр», - деді ол.

Сонымен қатар елорда басшының дерегіне сүйенсек, жаңадан Қалалық ортаны реновациялау басқармасы құрылады. Оған Құрылыс және тұрғын үй саясаты, Қалалық ортаны регенерациялау, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармалары кіреді.

«Бұл салада да өте маңызды міндеттер тұр. Жобалық-бағдар әдісін қолдану арқылы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорын салу, жобалық басқарудың әлеуетін пайдалана отырып, әкімдіктің тапсырыс беруші ретіндегі рөлін нығайту, барлық мүдделі тараптармен тиімді қарым-қатынас орнату, Смарт-жобаларды іске асыру қажет. Сол сияқты, кешенді және жүйелі шешімдер арқылы бюджет қаражатын тиімді пайдалануды арттыру керек», - дейді қала әкімі.

Сондай-ақ, Астана әкімі барлық қоғамдық-идеологиялық жұмыс Қоғамдық даму басқармасы арқылы ұйымдастырылатынын айтып өтті. Бұл басқармаға Қоғамдық даму істері, Мәдениет және спорт, Тілдерді дамыту және арxив ісі басқармалары біріктіріледі.

«Үш органның бір идеологиялық блокқа енуі экономикалық тиімділікпен қатар әкімдіктің аталған саладағы жұмысын жаңа сапалық деңгейге шығарады.Бұл тиісінше идеологиялық жұмыстар, елордалықтардың мәдени деңгейін көтеру және салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы халық санасын жаңғыртуға мүмкіндік берері сөзсіз», - деді Б.Сұлтанов.

Осыған байланысты, қала әкімі өзінің орынбасары Нұрлан Нұркеновке әкімдіктің идеологиялық және әлеуметтік жұмыстарын жаңғыртуды, әлеуметтік саладағы жұмыстарды жақсарту арқылы жергілікті атқарушы органдардың оң имиджін қалыптастыру бағытында жұмыс істеуді тапсырды.

Хабар 24 телеарнасы