389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Президенті: Орталық Азиядағы беделімізді арттыру – стратегиялық міндет

  • 293
  • UPD: 17:46, 02.09.2019
ҚР Президенті: Орталық Азиядағы беделімізді арттыру – стратегиялық міндет akorda.kz

Ішкі істер министрлігінде реформа жүргізіледі.

Бірқатар қызметкердің жалақысы өседі. Кіші және шағын бизнес өкілдері 3 жыл бойы салықтан босатылады. Халыққа арнаған алғашқы Жолдауы кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сынды бірқатар өткір мәселелерге ден қойды. Үкіметке нақты тапсырмаларын берді.

Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Президент Жолдауында осы мәселеге ерекше екпін берді.

Ең алдымен әкімшілік сот төрелігі енгізіледі. Туындаған дау-дамай алдағы уақытта осы бір жаңа тетік арқылы шешілмек. Браконьерлерге тағайындалатын жаза да күшейтілуі шарт. Әйтпесе дала жануарын қорлап, қорықшыларды басынғандар азаймай тұр. Сондықтан браконьерліктің жазасы алдағы 2 айда қатаңдатылады. Бұдан бөлек, 2020 жылдың соңына дейін әкімшілік полиция комитетінің жұмысы қайта құрылып, жемқорлық дерегі анықталған ведомствоның бірінші басшысының жауапкершілігі заңдастырылмақ. Сондай-ақ...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы орган қызметкерлерінің жауапкершілігін қатаңдату шараларын қарау керек. Егер жұмыстары заң негізінде орындалмаса, үгіттік әрекеттерге жол берсе, жазалануы қажет. Олар тергеу орындарында жұмыс істемеуі тиіс. Тәртіп пен құқық толық сақталуы міндетті.

Мемлекет басшысы аса мән берген тағы бір бағыт - заманауи тиімді мемлекет құру.

Біріншіден партиялық құрылымдар жетілдіріледі. Екіншіден халықпен тиімді кері байланыс орнатылады. Митинг өткізу туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Бұл үш. Қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстарға да басымдық беріледі. Хош. Ішкі істер министрлігінде реформа жүргізіледі. Бұл жұмыстарға 3 жыл бойы 173 млрд теңге бағытталмақ. Не үшін? Алдымен сала мамандарының жалақысы өсіріледі. Әсіресе азаматтық қорғау қызметі өкілдерінің еңбекақысын ұлғайту көзделіп отыр. Жоғарыда аталған қаражаттың аясында полицияның фронт-офистері құрылып, баспана жалдау үшін сала мамандары көмек қаржымен қамтамасыз етіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ішкі істер министрлігін реформалауға бөлінетін ақшаның 40 миллиард теңгесін азаматтық қорғау қызметі мамандарының жалақысын өсіру үшін бағыттауды Үкіметке тапсырамын. Біздің алдымызда түрлі жағдайға дайын болатын армияны құру міндеті тұр. Бұл жаңа концепция аясында іске асуы тиіс. Арыстағы оқиға Қарулы күштерімізде бірқатар проблема барын көрсетті. Барлық әскери шығындарды реттеп, қаржылық қолдауды толықтай қамтамасыз ету керек. Әрине тәртіп мықты болуы шарт! Сондай-ақ әскерилердің имиджін де көтеріп, қарулы күштерді материалдық тұрғыда қамтамасыз етуіміз қажет.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді де назардан тыс қалдырмады. 2020 жылдан бастап кіші және шағын бизнес өкілдері 3 жылға салықтан босатылады. «Бизнесті дамытуға кедергі жасауды мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп санау қажет», - деді Президент. 2020 жылдан кіші және шағын бизнес нысандары 3 жыл бойы тексерістен де босайды. Аталған саланы қолдауға арналған мемлекеттік қаржыландыру жүйесі қайта іске қосылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Аталған тұрғыдағы заңға өзгерістер мен толықтырулар 2020 жылдан бастап күшіне енуі тиіс. Ал егер жеңілдік жасалды деп заңды талаптар орындалмай, санитарлық шаралар сақталмайтын компаниялар анықталса, олар жабылады. Иелері жауапкершілікке тартылады. Жоғарыда аталған жеңілдіктер арқылы біз бизнеске түсетін жүктемені азайтамыз.

«2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 процентке және одан да жоғары деңгейге жеткізу», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыруды міндеттеді. Неге? Себебі еліміз өңірде көшбасшы болуы қажет. «Орталық Азиядағы беделімізді арттыру – стратегиялық міндет» екендігін де ерекше екпінмен атап өтті Президент.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы