389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапарының алғашқы күні қорытындыланды

  • 235
  • UPD: 13:33, 24.09.2019

Қазақстан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері ұйымының толыққанды мүшесі болғысы келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жасаған сапарының алғашқы күнінде осылай деді. Америкалық бизнес қауымдастықпен жалпы құны 1 миллиард доллардан астам қаржыға жаңа жобаны жүзеге асыруға уағдаласты. Сол арқылы ауыл шаруашылығы саласында ет өндіретін алпауыт кәсіпорын құрылуы тиіс. Ерекшелігі сол, өзара тиімді әріптестік жобалары іскерлік кешкі ас аясында шешімін тапты.

Елімізде америкалық инвесторлардың қолдауымен ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жоба жүзеге асуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясында жоғары деңгейде келіссөз жүргізілді. АҚШ-тың екі бірдей компаниясы жобаға 1,3 млрд долларға дейін қаржы құюды көздеп отыр. Егер келісім сәтті жүзеге асса, Орталық Азиядағы ең ірі ет өндіретін кәсіпорын бой көтереді. Қасым-Жомарт Тоқаев өзге де америкалық компанияларды тығыз ынтымақтастыққа шақырды. Ол үшін елімізде жоғары деңгейлі стандарттар енгізіліп, инвестициялық ахуал жақсарып жатқанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазақстан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен терезесін теңестіру үшін стандарттарды жақсартып, нормативтік талаптарды жеңілдетумен айналысып жатыр. Біз осы ұйымның толыққанды мүшесі болғымыз келеді. Экономикалық және саяси тұрғыда Батыс елдерінің жолымен жүру үшін бұл жұмыс мақсатты түрде жүзеге асып жатыр.

Америкалық бизнес қауымдастықпен сауда-экономикалық байланыс тұрақты. Құрама штаттар былтыр елімізге 5,5 млрд долларға жуық қаржы құйды. Көрсеткіш биыл да жоғарылауы мүмкін. Себебі, америкалық Plug`n Play компаниясы қазақстандық стартаптарды қолдауға қомақты қаржы бөлмек.

Саид Амиди, Plug`n Play компаниясының бас атқарушы директоры:

- Біз Қазақстанға бірқатар стартаптарды апарғымыз келеді. Ондағы жаңа жоба авторларын да Америка Құрама Штаттарында 3 немесе 6 айлық арнайы оқытудан өткіземіз. Яғни, әлемдік деңгейге шығуға мүмкіндік зор. Грант ретінде 3 млн долларға жуық қаржы бөлеміз.

Қазақстан президентімен арнайы кездесуге Master card, Amazon Web Services» және Royal Dutch Shell сынды компаниялардың басшылары да келді. Алғашқысы елімізде қолма-қол ақшасыз төлем жасау жүйесін дамытуға ниет білдіріп отыр. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы жоба еліміздің фермерлеріне жаңа мүмкіндіктер ұсынбақ.

Тимур Сүлейменов, ҚР президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Бұл Орталық Азия ғана емес бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің аумағындағы ең үлкен жоба болмақ. Инвестиция құны 500 млн-нан 1 млрд 300 млн долларға дейін жетуі мүмкін. Өндіріс мал бордақылаудан бастап, ет өңдеуге дейін жалғасады. Президент осы жоба бойынша келісім жасап, инвесторлар үшін Қытай секілді алып нарық барын айтты. Жыл соңына дейін инвестициялық жоба дайын болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық бизнес капитандармен кездесуін Нью-Йоркте өткізуі бекер емес. Жер шарындағы алпауыт кәсіпорындардың бас кеңселері осы қалада орналасқан. Президент кәсіпкерлердің әр қайсысымен екіжақты кездесу өткізді. Ұсыныстарын тыңдап, бірлесіп жұмыс істеуге мол мүмкіндік барын айтты.

Қайрат Келімбетов, «Астана» ХҚО басқарушысы:

Негізі біздің қаржы орталықтары туралы бірнеше инвестициялық банкпен кездесті. Негізгі мақсат АХҚО туралы ақпарат беру және Қазақстанға қаржы орталықтарына инвестиция тарту туралы сөйлесу.

«Блумберг» ақпараттық агенттігі Астана халықаралық қаржы орталығымен әріптестігін қарқынды түрде жүзеге асырмақ. Президент компанияның құрылтайшысымен кездесуінде осы жайтқа ерекше мән берді. Себебі, «Блумберг» агенттігі Астана биржасының жұмысын ақпараттандырып, оған көбірек акционер тартуға игі ықпал етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Таяуда ғана елордамызда сіздің компания өкілімен кездесу өткіздім. Енді міне, өзіңізбен көрісіп отырмын. 25 қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін «Блумберг» жаһандық бизнес-форумының маңызы зор. Оның жұмысына «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысады. Мен сізді осы орталықпен белсенді ынтымақтастық  орнатуға шақырамын. Сондай-ақ Қазақстанға арнайы сапармен келуді ұсынамын.

Америка Құрама Штаттары елімізге ең көп инвестиция құйған мемлекеттердің бірі. Тәуелсіз жылдары көрсеткіш 45 миллиард долларға жетті. Дегенмен, алдағы уақытта өзара іс-қимылды арттыра түсу қажет. Президент АҚШ-тың саяси және сарапшы топ өкілдерімен осы мәселені талқылады. Жиын құрама штаттардың ең ықпалды «Атлантикалық кеңес» ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды. Сарапшылар Қазақстанмен стратегиялық ынтымақтастықтың әлеуетіне жоғары баға берді. Мемлекет басшысы БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен де кездесті. Тараптар дінаралық келісімнің жаһандық диалогын нығайту жолдарын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Өркениеттер Альянсы жер шарындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге және өркениетаралық диалогты қолдауға үлкен үлес қосып келеді. Қазақстан сіздермен өзара ынтымақтастыққа дайын. Мәселен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ұсынған діни ғибадат орындарын қорғау бойынша іс-қимыл жоспарына толыққанды қолдау көрсетеміз.

Президент сапарының екінші күнінде Біріккен Ұлттар Ұйымы бас Ассамблеясы 74-ші сессиясының жалпы дебатында мәлімдеме жасайды. Қазақстан тарапы сессия отырыстарында сан түрлі бастамалар көтеріп те үлгерді. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше бірнеше мемлекет алғашқы медициналық көмекті арттыру жөніндегі Астана декларациясын бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Қазір көп сарапшылар осы қазақстандық жалпы медициналық көмекті қолдап жатыр. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне де жоғары баға берді. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмекті жоғары деңгейде белгілі.

Рауан Мыңбаев тілші:

-Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапарының алғашқы күні сәтті өтті деуге толық негіз бар. Американың саяси және сарапшы топ өкілдерімен іскерлік таңғы астан басталған жиындар кеш батқанша жалғасты. Жалпы алғанда президент 10-нан астам екіжақты кездесу өткізді. Әр қайсысында ел экономикасын дамыту, қаржылық әлеуетті жақсарту мәселелері жан-жақты талқыға салынды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Еділ Ермекбаев, Антон Болтрушевич

Хабар 24 телеарнасы