389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кореяда өткен форумда Пхеньянның ядролық қарудан бас тарту мәселесі қаралды

  • 213
  • UPD: 14:31, 29.09.2019

Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартуына не кедергі? Бұл мәселеде қазақ елі қандай көмек көрсете алады? Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстан-Корея форумының қатысушылары жауап іздеді. Шараны Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры Корея қорымен бірлесе ұйымдастырды.

Корей түбегін ядролық қарудан азат ету келіссөздеріне кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Қазақстан-Корея форумының қатысушылары осындай пікірде. Соның бірі - Пхеньянның Вашингтонға сенімсіздік танытуы. Бұған АҚШ-тың Иранмен арадағы ядролық келісімнен біржақты шығуы себеп. Сарапшылар бұл әрекетті «Трамп тәуекелі» деп атайды. Өйткені Құрама Штаттардың қырық бесінші басшысы осы келісімнен шығуының кесірінен келесі жылы өтетін президенттік сайлауда жеңіліс табуы мүмкін. Олай болған жағдайда Америка мен Солтүстік Корея келісімі толыққанды жүзеге аспай қалады. Сонымен қатар Қазақстан мен Корея сарапшылары Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартуы Бейжіңсіз іске асуы мүмкін емес деп есептейді. Себебі Пхеньянға Қытайдың ықпалы зор.

Игорь Рогов, Тұңғыш Президент – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары: 

- Санкция салумен мәселе шешілмейді. Кей жағдайда олар тиімді болғанымен түйткілді түпкілікті шешпейді. Сондықтан өзара сенім шаралары қажет. 

Бақыт Дүйсенбаев, Корея Республикасындағы ҚР Елшісі:

- Бұл мәселені Қазақстан мен Корея сарапшыларының талқыға салып, талдауы өте маңызды. Енді оған Солтүстік Корея мен Қытай сынды мүдделі тараптар қосылғаны жақсы болар еді. 

Солтүстік Кореяның жаппай қырып жою қаруларын сынақтан өткізуі Оңтүстік Корея тұрғындарын көптен бері алаңдатып келеді. Әрине, Пхеньянның Сеулге ядролық шабуыл жасай қоюы екіталай. Себебі мұндай жағдайда Корей түбегінің түгелдей тас талқаны шығады. Бірақ Солтүстік Корея шабуылдамағанмен, полигондарынан тарайтын радиация оңтүстіктегі көршісіне әсер етіп келеді. Бұл жағдайда біздің ел Кореяға көмектесе алады. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ядролық мамандары арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандум да бар. Ол арқылы оңтүстіккореялық мамандар Семей полигонында зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. 

АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігімен жасалған келісімшарты аясында 2012 жылы "Тәжірибелік " сынақ алаңын жіті тексеру қолға алынды. Оның мақсаты  ядролық қалдықтар шоғырланған жерлерді анықтау әрі залалсыздандыру. 

Ли Чун Гын, Корея Республикасының технологиялық саясат институтының қызметкері:

- Қазақстан ядролық сынақтар аяқталған соң америкалық Омега жобасына қатысып, Семей полигонында бірнеше химиялық жарылыс жасады. Осылайша кеңес дәуірі кезіндегі сынақтардың сейсмикалық ауытқулары сипаттамаларының байланысын зерттеді. Оның нәтижелері Солтүстік Кореядағы Пхунгери сынақ полигонын тексеру, талдау және бағалау барысында пайдаланылуы мүмкін. 

Оңтүстік кореялық мамандар ядролық қарудан бас тарту кезінде Қазақстанға берілген кепілдікті зерттеп жатыр. Өйткені 2018 жылдың қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ядролық бестіктің Пхеньянға дәл осындай кепілдік беруі туралы ұсыныс айтқан болатын. 

Ли Гын, Корея қорының президенті:

- Қазақстанның тұңғыш президенті қорының ядролық қарудан азат ету бойынша келесі отырысты Семей полигоны жанында өткізу туралы ұсынысында үлкен мән бар.

Форумның ұйымдастырушылары саналатын Корея қоры мен Тұңғыш Президент – Елбасы қоры тек Корея түбегіндегі ядролық мәселелерді талқылаумен ғана шектелген жоқ. Тараптар талантты жастар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге де уағдаласты.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы