388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Парламент Сенаты Төрағасының жетекшілігімен Сенаторлар кеңесінің алғашқы отырысы өтті

  • 272
  • UPD: 23:02, 30.09.2019

Елордада Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен Сенаторлар кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Жиында жоғарғы палата спикері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауы қоғам мен мемлекеттік органдарға маңызды міндеттер жүктейтінін тағы бір мәрте еске салды. Қазір Парламент пен мәслихаттардың жұмысына үлкен үміт артылып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев та «Мемлекеттік биліктің формуласы - мықты Президент. Ықпалды Парламент. Есеп беретін Үкімет» деген еді. Сенат басшысы Конституцияға сәйкес Парламенттің Жоғарғы палатасына елеулі дәрежеде өкілеттік берілгенін тілге тиек етті. Сосын «Сенат – негізгі кадрлық тағайындауларға түрткі болатын институт. Ол мемлекет пен қоғам үшін маңызды функция атқарады» деді. 

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазіргі таңда еліміздің дамуы мен ілгері жылжуы үшін алдағы уақытта дұрыс ойластырылған шешімдер қажет екенін, бұл шешімдер заманауилық пен даналықты, жаңалықтар мен өткен ұрпақтың тәжірибесін ұштастыра алуы тиіс.  Осындай түсініктен келіп, Парламенттің Жоғарғы палатасында кеңесші орган – Сенаторлар кеңесін құру идеясы туындады. Оның құрамына алдыңғы шақырылымдардағы неғұрлым беделді, ең тәжірибелі Сенат депутаттары шақырылып отырады. Бұл Кеңес даналықты, тәжірибені, ұстамдылықты және тұрақтылықты білдіреді. Біз оны тікелей диалог жасайтын, өзекті проблемаларды талқылайтын, оларды шешу жөнінде ұсынымдарды дайындайтын ашық алаң ретінде қызмет етеді деп ойлаймыз. 

Осы отырыс Сенат регламентін өзгертуге қатысты бірқатар ұсыныс айтылды. Бастамалардың барлығы зерделеніп, жұмыс барысында ескеріледі.

«Құбылмалы әлемде, жаңа жағдайда Сенаттың ролін түсіну қажет. Регламент – бұл ең алдымен, қоғам, ел, мемлекет пен Конституция алдындағы құқық өкілеттігі мен жауапкершіліктің үйлесімі. Сондықтан өзгерістер де енгізу қажет. Өкілеттіктер мен жауапкершілік деңгейін қайта қарап, регламентте бекіту керек», - деді Ғани Қасымов.

Отырыс барысында Бірғаным Әйтімова Сенаторлар кеңесі Төрағасының орынбасары, ал Нұрлан Қылышбаев Кеңес хатшысы болып сайланды. Жиын қорытындысы бойынша Сенаторлар кеңесінің жұмыс жоспары бекітілді.

Хабар 24 телеарнасы