423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сарапшылар жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанның бір жылдағы жетістіктерін атады

  • 375
  • UPD: 16:14, 19.03.2020

Елбасының президенттік өкілеттікті мерзімінен бұрын тоқтатқанына бір жыл болды.

Ол кезде бірқатар елдің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешіміне қатысты өкінішін жасырмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Десе де, оған құрметпен қарайтындарын тағы айтты. Тарихи оқиғаға бір жыл толды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақыт бойы Елбасы саясаты сабақтастығының сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Ал, халықаралық сарапшылар мен саясаткерлер Қазақстандағы билік транзитінің бейбіт түрде өткенін жоғары бағалады.

«Еуразиялық интеграцияның сәулетшісі». Ресейдің саяси топтары Нұрсұлтан Назарбаевты осылай атайды. Олар Елбасының Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясының дұрыс бағытта жүзеге асырылғандығын, соның жемісін бүгінде көріп отырғандықтарын айтады. Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтты. Саяси сабақтастықтың арқасында арадағы серіктестік көкжиегі кеңейе түсті. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарын Ресейден бастады. Сарапшылар «бұл ресми Мәскеу үшін үлкен мәртебе», дейді.

Евгений Бажанов, РФ СІМ Дипломатиялық академиясы жанындағы халықаралық мәселелер институтының директоры:

- Нұрсұлтан Назарбаев данагөйлігінің арқасында демократия және билік транзитінің маңыздылығын түсініп, парасатты шешім қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңғыртудың қытайлық үлгісі, сингапурлық үлгісі жайлы түсінігі мол адам. Өмірлік тәжірибесі де өзгеше. Десе де, ұстанған бағыты бір. Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын жалғастырып келеді.

Түрік халқы үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың орны бөлек. Анадолы жеріндегі жұрт оны «Түркі әлемінің Ақсақалы» деп құрметтеп, оған «Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы» атағын берді. Мұнда Елбасын бір-біріне тіксінген елдерді татуластырған білікті бітімгер санайды.

«Хабар 24» арнасына арнайы сұхбат берген Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октайдың пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттілігін тоқтату туралы шешімі арқылы көшбасшылықтың жаңа үлгісін көрсетті.

Фуат Октай, Түркия Республикасының вице-президенті:

- Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанды аяққа нық тұрғыза алды. Халықтың зор сүйіспеншілігіне бөленіп, қызметін жалғастыра алатын мүмкіндігі бола тұра, өз еркімен билікті тапсыру арқылы алабөтен көшбасшылық қырын таныта белді. Сарабдал саясатын жалғастырушы ретінде Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынып, тарихи қадамымен дараланды. Бұл аса маңызды әрі есте тұтарлық қадам. Біз бұған ерекше мән береміз.

Бір жыл бұрынғы билік транзиті америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының да назарынан тыс қалмады. The Washington Post Елбасы тізгінін ұстаған тәуелсіз қазақ елі тарихының хронологиясын тізіп шықты. The New York Times тілшілері Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі күтпеген оқиға екенін жазды. Десе де, америкалық БАҚ та, мемлекеттік департамент өкілдері де Қазақстанның сыртқы саясатта ұстанған бағытын әрі қарай  жалғастыратынына кәміл сенген. Арнамызға берген сұхбатында америкалық саясаттанушы әрі журналист Леонид Гольдин билік сабақтастығының маңыздылығын атап өтіп, еліміздің халықаралық аренадағы беделі тек нығая түскенін айтады.

Леонид Гольдин, саясаттанушы, журналист:

Бүгінде бәріміз Батыс пен Шығыс арасындағы қырғи қабақ соғыстың куәсі болып отырмыз. Әлемді дендеген коронавирус жағдайды одан да бетер ушықтыруда. Сарабдал саясаткер сын-қатерлерге уақытылы төтеп бере білу керек. Қазақстан билігі көрегендігінің арқасында бұл міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев діни конфессияларды, этникалық және мәдени қозғалыстарды қолдап келді. Бұл бағытты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұстанып отыр. Оның білімділігі мен дипломатиялық тәжірибесі түрлі қиындықтарға төтеп беруге өз септігін тигізіп отырғаны сөзсіз. Елде күрделі мәселелер жоқ емес. Десе де, олардың қалай шешіліп жатқаны аса маңызды. Президент басы-қасында жүріп, сол түйткілдердің түйінін тарқатуға жеке өзі атсалысуда.

Осылайша, халықаралық сарапшылар жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанның бір жылдағы жемісті жетістіктерін атап, жаңғыртуға бағытталған реформалардың тиімділігіне ерекше көңіл бөліп отыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Айдана Карибжанова, Дана Нұржан, Меруерт Қанагат, Майра Абдрахманова

Хабар 24 телеарнасы