Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазіргідей күрделі кезеңде қолдау көрсетіп, гуманитарлық көмек бергені үшін алғыс айтып, жеделхат жолдады.
Бұл туралы Facebook парақшасында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды.
«Осынау қиын-қыстау кезеңде бауырлас қазақ елінің көрсеткен қолдауын, сондай-ақ Орталық Азиядағы пандемиямен күреске Қазақстан тарапының қосқан үлесі мен күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы достық, тату көршілік, одақтастық және стратегиялық әріптестік алдағы уақытта да өзара түсіністік негізде дами береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.
Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, мемлекеттік қызметіне игілік, ал бауырлас қазақ халқына бейбіт өмір мен табыс тіледі.
