426,50 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сыртқы істер министрі «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» видеоконференциясына қатысты

  • 646
  • UPD: 09:32, 13.06.2020
Сыртқы істер министрі «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» видеоконференциясына қатысты

ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» Министрлік видеоконференциясына қатысты.

COVID-19 пандемиясының халықаралық саяси және экономикалық процестерге әсері, сондай-ақ «Орталық Азия - Еуропалық Одақ» форматында өзара іс-қимылды тереңдету перспективалары Еуропалық Одақтың Сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы өкілі - Еуропалық Комиссияның Вице-президенті Жозеп Боррелл мен Орталық Азияның бес елінің сыртқы саяси ведомстволар басшыларының келіссөздерінің маңызды тақырыптары болды.

Ж. Боррелл Еуропалық Комиссияның Орталық Азия бойынша ЕО-ның жаңа стратегиясы шеңберінде одан әрі ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жоспарын, сондай-ақ коронавирус пандемиясымен және оның салдарымен күреске көмек көрсетудің «Team Europe» бағдарламасы бойынша ауқымды ақпаратты ұсынды. Айта кетерлік жайт, бұл пакет Орталық Азияда коронавируспен күреске бағытталған 3 млн еуро сомасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлескен жобаларды іске асыруды қамтиды.

Сонымен қатар Жоғары өкіл Қазақстанның коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдарына, сондай-ақ ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың одан әрі демократияландыру бойынша іске қосылған реформаларын жоғары бағалады.

М. Тілеуберді төтенше жағдай және карантин шарттарында экономиканың тұрақты өсуін қолдау және ел халқын әлеуметтік қолдау бойынша Қазақстан Үкіметінің атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы хабардар етті. Министр ЕО өкілдеріне Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.

Келіссөздер барысында денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша жемісті пікір алмасу өтті, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты жандандыру бойынша бірлескен қадамдар қарастырылды. Оған қоса дипломаттар Орталық Азияның Еуроодақпен экономикалық байланыстарына пандемияның теріс салдарын азайту бойынша бірлескен іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастыруға уағдаласты.

Хабар 24 телеарнасы