389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Футзалдан Қазақстан мен Хорватия арасындағы кездесуді «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетеді

  • 1336
  • UPD: 22:01, 31.01.2019

Ертең футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Хорватиямен жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ойын Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кешкі сағат 6-да басталады. Жанкүйерлер тартысты ойынды «Хабар» арнасының тікелей эфирінен тамашалай алады.

Әлемде үздік ондықтың қатарында тұрған Хорватияның Алматыға жайдан-жай келмегені анық. Дәл қазіргі таңда Қазақстан құрамасымен күллі әлем санасады. Тіпті ФИФА рейтингісінде айдарынан жел ескен Испания мен Италия және хорваттардың өзі бізден қалып қойды. Мықтыны жеңбей мықты болудың қиын екенін білетін балқандықтар Қазақстан құрамасымен тәжірибе алмасуға келді. Бразилиялық бапкер Паулу Рикардо Фигейра Силва немесе жай ғана Кака жаттықтыратын Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуге жан-жақты дайындалып жатыр. 

Паулу Рикардо Фигейра Силва, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

– Біздің мақсат – ұлттық құраманың өзіндік ойын үлгісін қалыптастыру. Кез келген мықтымен үзеңгі қағыстыратын команданы дайындау. Сондықтан да алдағы болатын жолдастық кездесулер біз үшін маңызды. Өйткені Хорватия –тәжірибелі командалардың бірі. Күзде әлем чемпионатына іріктеу басталады. Осы жарыста біздің команда нағыз бабында болуы тиіс.

Хорватиямен Қазақстан құрмасының жолы 2016 жылғы Еуропа біріншілігінде түйісіп, біздің жігіттер 4:2 есебімен жеңіске жеткен болатын. Сол ойында қос голдың авторы атанған Серік Жаманқұлов ертеңгі кездесуде де жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын дейді.

Серік Жаманқұлов, Қазақстан құрамасының ойыншысы.

– Ұлттық құрама көптен бері жиналмағандықтан, бүгін үшінші дайындығымыз өтті. Жалпы дайындық жақсы.

Қазақстан құрамасының сапында Дәурен Нұрғожин мен Тайнан және Леолар жарақатына байланысты жолдастық кездесуге қатыса алмайды. Дегенмен Нұрбек Қарағұлов пен Азат Валиуллин және Нұрсұлтан Пиялы секілді талантты жастар бірінші рет ұлттық құрамаға шақырту алды.

Нұрсұлтан Пиялы, Қазақстан құрамасының ойыншысы:

– Менің футзалға келген мақсатым – біріншіден Жетісу командасына келу. Ол жақтан әрине ұлттық құрамаға деген шақырту. Ол кез келген адамға жігіттерге алға қойған мақсат деп ойлаймын. Шүкір жеттік. Енді осында барынша қалсақ па деп ойлаймыз.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың сәуірінде Алматы аренада УЭФА Чемпиондар лигасының финалдық кезеңі өтеді. Ертең болатын жолдастық кездесудің үзілісінде осы жарыстың жеребесі тартылады. Балуан Шолақ сарайында өтетін ойынды ертең кешке «Хабар» арнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы