378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Хоккей: «Барыс» «Салават Юлаевті» 16-рет жеңді

  • 349
  • UPD: 23:22, 04.02.2019
Хоккей: «Барыс» «Салават Юлаевті» 16-рет жеңді

Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде бүгін сырт айдында Уфаның «Салават Юлаев» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екі команда биылғы Құрлықтық хоккей лигасында төртінші мәрте кездесіп отыр. Алдымен 22 қыркүйекте «Барыс» Уфада аталмыш қарсыласынан 3:4 есебімен жеңілсе, 8 қарашада елордада 0:3 есебімен есе жіберді. Ал 17 қаңтарда Астанада өткен тағы бір кездесуде овертаймда оларды 1:0 есебімен тізе бүктірді. Жалпы, екі команда бүгінге дейін 40 мәрте шеберлік байқасқан. Оның 15-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғаны «Салават Юлаевтің» жеңісімен мәресіне жеткен.

«Салават Юлаев» – Құрлықтық хоккей лигасындағы тәжірибелі команданың бірі. Қазір турнир кестесінде оныншы орында тұр. Жағдайын бұдан да жақсартуды мақсат ететіні белгілі. «Барыс» алғашқы бестікте келеді. Біздің команда да жеңісті қолдан бере қоймайды. Кездесу тартысты басталды десек те болады. Жанкүйерлер екі команданың алма-кезек шабуылын тамашалады. Есепті айдын иелері ашты. Олардың қатарынан Артём Сергеев 7-минутта мергендік танытты. Көп ұзамай «Барыс» таразы басын теңестірді. Оны 8-минутта Никита Михайлис өзінің еншісіне жазды.

Екінші кезең де осылайша өрбіді. Алғашқы минуттарда «Барыстың» шабуыл шебіндегі қарқыны ерекше байқалды. Нәтижесінде 32-минутта Андре Петерсон астаналық клубты алға шығарды. Дегенмен «Барыс» бұл есепті көп ұстап тұра алған жоқ. «Салават Юлаев» сапынан 33-минутта Линус Умарк шайба соқты. Есеп – 2:2.

Үшінші кезеңде айдын иелері ойын тағдырын ертерек шешуге тырысты. Олар біздің қақпа маңында жиі бой көрсетті. «Барыс» хоккейшілері де қарсыласты қапы қалдыратын шабуыл ұйымдастыруды естен шығарған жоқ. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Кездесу овертаймға ұласты. Овертаймда жеңіс шайбасын Андре Петерсон соқты. Есеп – 3:2.

«Барыс» командасы осылайша Уфадан олжалы қайтты. Бұдан бұрын «Барыс» Астанада Финляндияның «Йокерит» командасын 8:2 есебімен жеңді. «Барыс» енді аздаған үзіліс алады. Одан кейін Астанада 12 ақпанда Новосібірдің «Сибирь», 14 ақпанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар», 16 ақпанда Омбының «Авангард» клубтарын қабылдайды.

Хабар 24 телеарнасы